Ашықтық пен әділдік қамтамасыз етілсе баға төмендейді. Құрылыс саласындағы жаңа серпіліс
Құрылыстағы сандық трансформация бюджет қаржысын үнемдеп, құрылысшыларды қағазбастылықтан арылтып, тұрғындарға қолайлы жағдай тудырады. Осындай мәліметті кешеден бері Алматыда өтіп жатқан «Құрылыс саласындағы сандық трансформация» атты Халықаралық конференцияда ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.
«Цифрландыруда ең басты ресурс – адам миы болғандықтан жаңа технология үйдің бағасына да, пәтер ұстау құнына да әсер етпейді. Біздің мақсатымыз - бүкіл құрылыс индустриясын цифрлық форматқа аудару. Технологиялар күн сайын енгізіліп, дамытылып жатыр, цифрландыру болашақта сапалы жұмыс істей алатын сәулетшілер мен дизайнерлердің жұмысын жеңілдетеді. Қазір олар қолмен жұмыс істеп, қарындашпен эскиздер сызады. Оларды қиындықсыз енгізу арқылы компьютерде схемаға өзгерістер жасай алады. Ашықтық пен әділдік қамтамасыз етілсе, онда баға төмендейді», - деді Өскенбаев.
Қазақстандық мамандардың айтуынша, қазір саладағы барлық басқару жүйесі автоматтандыру процесіне мүдделі. Яғни, компаниялар да, бақылаушы органдар да ғимараттың барлық сатыларын кеңседен шықпай қадағалай алады. Қарапайым тұрғын пәтер иелері кооперативтерінің жиналысына қатыспай-ақ жылудың қандай көзінен, қандай қызмет көрсетілетінін, тасымалдау үшін қанша энергия жұмсалғанын, құбыр-мұбырдың жай-күйін үйінде отырып, телефонынан бақылай алады. Яғни бүкіл қозғалыс көз алдында болады. Жаңа технологияларды енгізу мемлекеттік тапсырысшылардың тәуекелдерін азайтады, сондықтан әкімдіктер мен мемлекеттік құрылымдар автоматтандыруға асық. Қазіргі уақытта BIM (building information modeling) технологиясын іске асыру бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы мәселе шешіліп жатыр.
Осы орайда жеке бағдарламашыларға жаңа мүмкіндік туып тұр. Вице-министрдің айтуынша цифрландыруға Қазақстанның кез келген бағдарламашылары өз жобасын ұсына алады. Құрылыс алаңының өмірлік циклінің әр кезеңінде, оның ішінде қарау және пайдалану кезеңінде ақпараттық модельдерге қойылатын талаптар туралы жыл аяғына дейін стандарттарды құру жоспарланып отыр.
Қазақстан, Ресей, Беллорусия, Литва елінен келген беделді құрылыс мамандары жаңа технологияны енгізуде өз тәжірибелерімен сараңдық танытпай бөлісті. Конференция барысында тараптар құрылыс саласындағы ақпараттық модельдеу бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сарапшылар кəсіпорындарда ақпараттық модельдеуді қолданудың бірқатар табысты оқиғаларын ұсынды. Алдағы уақытта Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) мұрындық болған аталмыш жиын қатысушыларының қызықты мәліметтерін оқырмандарға жеткізіп, егжей-тегжейлі баяндайтын боламыз.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024