Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Астанадағы Наурыз мерекесіне 300 мыңнан астам адам қатысады

Астанадағы Наурыз мерекесіне 300 мыңнан астам адам қатысады

Алматы. 12 наурыз. 7kun.kz – Халықтық серуен, концерттер, спектакльдер, көрмелер, байқаулар, жарыстар мен тағамдар. Наурыз бағдарламасы ағымдағы жылы ерекше мазмұнды болмақ, - деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласы әкімдігінің отырысында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Наурыз мейрамына дайындық барысы туралы әңгімеледі. Мереке тұжырымдамасы әзірленді,сахналық алаңдарды, ішкі орын-жайларды, іргелес аумақты безендіру эскиздері дайындалды.

«Мереке аясында түрлі форматтағы 40-тан астам іс-шара өтеді деп жоспарланған. Бағдарламада халықтық серуен, концерттер, спектакльдер, көрмелер, конкурстар бар. Астанада спорттық іс-шаралар жарыстар, жауынгерлік спорт түрлері, қазақ күресі бойынша чемпионаттар өтеді», – деді Н.Нұркенов.

Қала аумағында Наурызды мерекелеудің 23 нүктесі анықталды,онда мереке күндері халықтық серуен форматындағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік шаралар өтетін негізгі орындар: ЭКСПО аумағы, Қалалық алаң, «Қазақ Елі» монументі, «Жастар» сарайы, сондай-ақ «Жетісу» саябағы.

Бұдан басқа, он тұрғын үй алабында («Қазқалашық», «Өндіріс», «Железнодорожный», «Мичурино», «Интернациональный», «Промышленный», «Пригородный», «Үркер», «Көктал-1», «Көктал-2») фондық алаңдар ұйымдастырылады. Жеті тұрғын үй кешені («7-Я», «Ақбұлақ таун», «Қайнар», «Апато», «Достар», «Саламат», «Зерде»), сондай-ақ, «Жастар» театрының алаңы да бар.

Барлық алаңдарда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, киіз үйлер, алтыбақандар орнатылады. Мереке күндері іс-шаралар өткізілетін орындарда сауда, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Басты этноауыл 21-22 наурызда ЭКСПО ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы монументінің жанында ұйымдастырылады. Іс-шара аясында қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен мерекелік концерт, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының музейлік көрмесі ұйымдастырылады. Әрбір киіз үйдің жанында Астана қаласы театрларының әртістері мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің орындауында ұлттық салт-дәстүрлерді көрсету жоспарланған.

Жеке аймақ фуд-кортқа бөлінеді. Этноауыл аумағында палау, наурыз көже және бауырсақ дайындау үшін қазандар орнатылады.

«Мереке күндері іс-шараларға 300 мыңнан астам елорда тұрғындары мен қонақтары қатысады деп күтілуде», – деп атап өтті Н.Нұркенов.

Похожие материалы