Отандық бағалы қағаздар тарихында алғаш рет қазақстандық эмитенттер акциясы Ресей нарығында сатыла бастады. Нақтырақ айтсақ, "БАСТ" пен Ақтөбе металл конструкция зауыты Санкт-Петербург биржасының тізіміне енді.
Естеріңізде болса, бұған дейін қазақстандық «БАСТ» тау-кен компаниясының акцияларын ресейлік биржаға шығару жоспарланып отырғанын жазған едік. Мұндай ұсынысты "Фридом финанс" АҚ тастаған. Компанияның корпоративті қаржы департаментінің директоры Сәкен Өсердің айтуынша, ресейлік нарыққа кіру компания акцияларының тез өтуіне әсер етеді.
Оның сөзінше, осыған дейін ресейлік инвесторлар компанияға қызығушылық танытып, Қазақстандық қор биржасындағы бағаға қарағанда қымбатырақ сатып алуға дайын тұрған. Бірақ қазақстандық брокерлік компанияларда есептері болмауы және инфрақұрылымының өз деңгейінде дамымағандығы кедергі еді. Аталған мәселелер шешіліп, компания акциялары ресейлік биржа тізімдеріне енді.
Қазір компания акцияларының бағамында біршама өзгеріс бар: Ақтөбе металл конструкция зауытының акциялары - 35 пайызға (11 177 теңгеден 15 121 теңгеге дейін), "БАСТ" акцияларының бағасы 75 пайызға (21 827 теңгеден 38 232 теңгеге дейін) қымбаттады. "Фридом Финанс" басшысы Тимур Турловтың айтуынша, қазақстандық компаниялардың IPO-ға шығуы кәсіпорындарды қаржылық тұрақтылығын қамтамсыз етіп, қосымша қаржы тарту мүмкін.
Санкт-Петербург биржасындағы сауда қорытындысына қарап, қазақстандық компаниялардың акцияларына сұранып артып келе жатқанын айтуға болады. Мысалы, 2016 жылдың 1 қарашасында "БАСТ" компаниясының акциясының сатып алу жөніндегі 8 келісім-шарт жасалса, Ақтөбе металл конструкция зауытының акциясын алуға қатысты 7 шарт жасалған. Жалпы сатып алынған акциялар саны 197-ге жетіп, олардың құны 909,49 мың рубльге бағаланып отыр.