Экономика
Қазақстан мектептеріндегі түскі ас бағасы 10 есе қымбаттауы мүмкін
1 қыркүйектен бастап қазақстандық мектептердегі түскі ас бағасы 10 есеге қымбаттауы мүмкін. Бұл жөнінде еліміздегі мектептердің бірінің асханасын жалға алған кәсіпкер Гүлнәр Мамаева баспасөз конференциясы барысында айтып өтті. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«Егер жалдау құны көтерілетін болса, біз бұрынғы бағаларды сақтап қала алмаймыз. 1 қыркүйектен бастап жал құны 9 есе көтеріледі. Ал, қымбаттау шығарылатын өнім бағасынан байқалатын болады», — дейді ол.
Жалгерлердің айтуынша, бұрын жалдау құны 50 мың теңге болса, 1 қыркүйектен бастап 500 мың шамасында болады. Сәйкесінше, түскі астың бағасы да қымбаттайды. Бұрын түскі ас бағасы шамамен, 300 теңге болатын. Алматы мектептерінің бірінің директоры бір баланың тамағының бағасы мейрамханадағыдай 1,5-2 мың теңге көлемінде болуы ғажап емес дейді.
Десе де, қорғаушы Жангелді Сүлейман жал құнының көтерілуін болғызбау үшін барын салмақ.
«Бұйрық ҚР ұлттық экономика министрлігінің мақұлдауында. Мектепті кеңселермен теңестіріп қойған. Бұйрық барлық мемлекеттік мүліктерге қатысты. Бірақ, мектептерге қатысты емес етсін. Бізде Конституция, заңдарға өзгеріс енгізіп жатқанда, бұйрықты өзгерту қиын болыпты ма?», — дейді қорғаушы.
Жаңа ережелерге сәйкес, мемлекеттіу мүлікті жалға беруге байланысты Алматы және Астана қалаларында жалдау құны 1 АЕК-дан 2,5 АЕК-ға өсті (1 АЕК - 1982 теңге). Одан бөлек, жалгерлерге бірнеше коэффициенттер қолданылады. Ал, бұл болса, жал құнын одан сайын көбейтеді.