Экономика
Қазақстан мен Ұлыбритания екі коммерциялық келісімге қол қойды
Алматы. 13 желтоқсан. 7kun.kz - Лондонда сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының 4-ші отырысы өтті.
Үкіметаралық комиссияның тең төрағалары Қазақстан Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Біріккен Корольдіктің халықаралық сауда жөніндегі министрі Марк Гарнье.
Сонымен қатар, Үкіметаралық кеңеске Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елші Ерлан Ыдырысов пен Қазақстан Республикасындағы Ұлыбританияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэролин Браун қатысты.
Отырыс қатысушылары сауда мен инвестиция, авиация, қаржылық қызмет, мұнай мен газ, жер қойнауын пайдалану және тау-кен металлургия, білім, ғылым мен технология салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Үкіметаралық комиссияның қорытындысы бойынша, тараптар инновация мен технология саласы бойынша 1 үкіметаралық және 2 коммерциялық келісімді қосқанда 3 құжатқа қол қойды.
2016 жылдың қараша айында Лондонда өткен үшінші үкіметаралық отырыста қол жеткізілген келісімдердің орындалуына талдау жасалды.
Инновация мен технология, жер қойнауын пайдалану, кәсіптік білім, атом энергетикасы және МЖӘ жобалары ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары болып белгіленді.
Делегация басшысы Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек британдық компания басшыларымен және үкіметаралық кеңестің тең төрағасы министр Марк Гарньемен екі жақты кездесулер өткізді.