Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанда алдағы 5 жылда жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады

Қазақстанда алдағы 5 жылда жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады

Алматы. 24 қаңтар. 7kun.kz – Қазақстанда алдағы 4-5 жыл көлемінде төртінші мұнай өңдеу зауыты салынады. Ал, Қытайға газ экспорты 10 млрд текше метрге дейін артады. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

2017 жылды қорытындылап, биылғы жоспарларымен бөліскен министр мұнай өндіру және өңдеу көлемінің артып келе жатқанын жеткізді. Ал, елімізде жанармай тапшылығын болдырмау үшін болашақта бензин және дизель отынының резерві құрылуы мүмкін. 2017 жылы еліміз 86 млн тоннадан астам мұнай өндірген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғары. Ең негізгі ірі үш кеніш: Қарашығанақ, Қашаған және Теңізде жалпы мұнайдың 60 пайызы өндірілген.

Ал, газ өндіру көлемі 53 млрд текше метрге жуықтады. 2017 жылы экспортталған газ көлемі 17 млрд текше метрден асты.

Ал, осы саладағы 2017 жылдың басты жетістігі Қытайға газ экспорттау басталды.

"2017 жылы Қытайға алғашқы газ экспорты басталды. Оның келісілген 5 млрд текше метрдің алғашқы 1 млрд жеткізілді. Ал, келешекте Қытайға газдың экспорттық көлемін 1 млрд текше метрге дейін арттыру жоспарланған.  Экспорттан бөлек ішкі нарыққа да газ тарту жұмысы Үкіметтің назарында. Жақын уақытта Астанаға газ келмесе де, 2018 жылы алты облысқа газ тарту бойынша нақты қаражат бөлінген. Оның көлемі 12,8 млрд теңге" - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Сонымен, 2018 жылы еліміздің 48 пайыздан астамы газбен қамтылады. Жанармай отыны бойынша биылғы тапшылық 10 пайыз шамасында болады. 2019 жылы жүз пайызға отандық өніммен қамтылады. Бірақ, алдағы бес жыл ішінде жаңа мұнай өңдеу зауыты салынбаса, қайтадан сыртқы өнімге тәуелді боламыз.

"Менің өз пікірім, 4-мұнай өңдеу зауыты керек. Биыл қолға алу керек. Тиісті инвесторларды табу керек. Тиісті құжаттарды дайындау қажет. Мұндай зауытты 1-2 жыл ішінде сала алмаймыз, 4-5 жыл керек болады. 2022 жылы 4-5 жылдан кейін ғой, сондықтан, бұл мәселені биылдан қолға аламыз. Ал, қазіргі уақытта жанармай бағасы осы тұрақты күйін сақтайды. Бағаның өсуіне әзірше еш негіз жоқ», - деді Қанат Бозымбаев.

Похожие материалы