Экономика
Выбор редактора
Қазақстанда әйелдердің жалақысы ерлердікінен 33 пайызға аз
2016 жылы Қазақстан дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік рейтінгінде 144 елдің ішінде 51-орынды иемденді. Алғашқы орында - Исландия, ең соңғы боп тұрған - Йемен. Өткен жылы Қазақстан бұл тізімде 47-орында еді, 2014 жылы 43-орында тұрған.
Жуырда Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған жиында елдегі гендерлік теңдік стратегияларының орындалуы талқыланған еді. Осы сауал аясында зерттеу жүргізген сарапшылардың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бәріне тең құқық пен мүмкіндік жасалған қоғам қалыптастыруда біраз жетістікке жеткен.
Мәселен, экономика саласында оң өзгерістер бар. Қазақстанда бизнестегі әйелдердің үлесі 10 жыл бұрын
38 пайыз еді, қазір бұл көрсеткіш
50 пайызға көтерілген. Әйелдер шағын және орта бизнестің 42 пайызын басқарады және олар 30 пайыздан астам жұмыс орнын ашқан. ЖІӨ-ге қосатын үлесі - 40 пайыз. Сондай-ақ, жұмыссыздық көрсекіші де 2006 жылғы
9,2 пайыздық көрсеткіштен 2015 жылы
5,6 пайызға түскен.
Сонымен бірге, қоғамда жынысына қарай шектеулерді, зорлық-зомбылықтарды ескерту мен алдын алу бойынша біраз көрсеткіш оңалған. Мысалы, соңғы 10 жылда тұрмыстық қылмыстардың саны үш есеге дейін азайып, 1424-тен 467-ге түскен.
Дегенмен, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, әлеуметтану ғылымының докторы Раушан Сәрсембаеваның айтуынша,
мұндай маңызды жетістіктерге қарамастан, Қазақстанда гендерлік тепе-теңдіктің кей тұстары әлі де
жетілдендірілмеген.
Мысалы, басқарушылық қызметтегі әйелдердің
үлесі әлі де төмен. Қазір 411 мемлекеттік қызметкердің
қырығы ғана - әйел. Бізде бір ғана әйел министр бар. Парламенттің төменгі палатасында әйелдер үлесі – 27 пайыз, алайда сенаттағы әйелдердің үлесі өте төмен: 6 пайыздан сәл-ақ асады. Қазақстанда 17 министрдің біреуі ғана (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова) әйел. Мемлекеттік хатшы қызметінде Гүлшара Әбдіхалықова бар. Бір әйел премьер-министрдің орынбасары, екеуі – премьер-министр кеңсесі басшыларының орынбасарлары, алтауы – вице-министр, алты әйел – жауапты хатшы, ал тоғыз әйел – облыс әкімдерінің орынбасарлары. Тіпті еңбек нарығындағы ерлер мен әйелдердің жалақысындағы айырмашылық 33 пайызды құрайды. Әрі
жұмыссыз әйелдердің саны ерлердікінен көп. 2015 жылы әйелдер жұмыссыздығы
5,7 пайызға жетсе, ерлер арасында бұл шама
4,3 пайызды құрады.
Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзекті боп тұр: 2015 жылы мұндай оқиға бойынша 65 325 қылмыс фактісі тіркелген, ал бұл 2006 жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Қазақстандағы әрбір үшінші әйел - психологиялық зорлыққа, әрбір жетінші - физикалық зорлыққа, әрбір тоғызыншы - экономикалық, ал әрбір оныншы - жыныстық зорлыққа ұшырайды.
"Гендерлік теңдіктің біраз маңызды аспектілері әлі де орындалған жоқ. Соның бірі - еңбек нарығында. Онда қалыптасып қалған стереотиптер әлі де бар, тұрмыстық зорлық мәселесі де өршіп тұр", - дейді Раушан Сәрсембаев. Қазақстанда әйелдер мен ерлер теңдігін насихаттауды мақсат еткен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы жұмыс істеді. Сондай-ақ, осы мақсатта "Ерлер мен әйелдерге берілетін тең құқық пен мүмкіндік беру жөніндегі мемлекет кепілдігі туралы", "Тұрмыстық зорлықтың алдын алу" заңдары да қабылданған болатын. Бірақ, маман пікірінше, Қазақстанда "ер адам жоғары әрі әйелдерге қарағанда ақылдырақ, физикалық жағынан шыдамдырақ, сәйкесінше, жоғары лауазымды қызметке солар лайық" деген түсінік әлі де бар.
Айта кетейік, статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, әйелдер Қазақстан халқының – 52 пайызын, жұмыспен қамтылған халықтың 48 пайызын құрайды. Жалпы ішкі өнім қазынасына келетін қаражаттың 39 пайызы әйелдер еншісінде. Нәзік жандылардың үлесі басым салалар ретінде денсаулық сақтау (75%), білім беру (74%), тамақ және күнкөріс қызметтері (73%), сауда (61%) және қаржы қызметтері (59%) көрсетіледі.