Алматы. 2 шілде. 7kun.kz – 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанның барлық зейнеткерлері үшін базалық зейнетақы мөлшері өсті, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұдан былай зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне сай көтеріледі. Бұған дейін барлық зейнеткерлер ЕКД-нің 54% немесе 15 274 теңгені құрайтын базалық зейнетақы алып жүрсе, 1 шілдеден бастап мұндай зейнетақыны еңбек өтілі 10 жылдан төмен немесе мүлде жұмыс жасамаған зейнеткерлер алатын болды.
Егер азаматтың еңбек өтілі 33 жылды құрайтын болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕКД) 100% немесе 28 284 теңгені құрайтын болады.
Зейнеткердің жалпы еңбек өтілі 15 жыл болса, базалық зейнетақысы ЕКД-нің 64% немесе 18 102 теңге болады. Ал 20 жылдық еңбек өтілі үшін ЕКД-нің 74%, яғни 20 930 теңге көлемінде зейнетақы төленетін болады.
Бұл өзгерістер бүгінгі күнде зейнетақы алатын азаматтарға да, келесі жылы зейнетке шығатын азаматтарға да, яғни барлық 2 миллион зейнеткерге қатысты болады. Шамамен, 1 миллион адам ең көп мөлшердегі зейнетақыны алатын болады. 930 мың адам үшін зейнетақы мөлшері 37%-дан 81% дейін жоғарылайды.
Зейнетақыны қайта есептеу үшін өтініштер мен қосымша құжаттар талап етілмейді.