Ақтау. 29 қазан. 7kun.kz - Ақтау қаласындағы Timur academy оқыту орталығы қысқа мерзімді кәсіби және арнайы мамандандырылған курстарды оқытуды бастады.
Кез келген ниет білдіруші адам оқыту кластарының өзінде де, қашықтан қосылып та, сабақтарға қатыса адады.
«Орта есеппен курстар үш айға созылады. Timur academy орталығында не үйренуге болады? Компьютерлік және веб-бағдарлама тілдері, интернет-маркетинг пен робот техникасы. Бұдан бөлек, қаржы саласында сауат ашуға да мән беріп жатырмыз – бұл қазіргі таңда әр адам үшін өзекті мәселе болып отыр. Өзіңіздің және отбасыңыздың қаражатын қалай сақтап, көбейтуге болады, несиенің процент мөлшерлемесі қалай құралады, алдауға түсіп қалмай, құқығыңызды қалай қорғауға болады деген сұрақтарға жауап аласыздар. Біздің кеңесші-лекторларымыз HR-менеджерлер үшін де өзекті ақпарат ұсынуға әзір. Ал көпшілік тыңдаушыларға жеке өсу-жетілу жөніндегі курстарды ұсына аламыз», – дейді оқу орталығының негізін қалаушы Тимур Бектұр.
Timur academy оқыту бағдарламасының басты артықшылығы – курстардың бәрі қазақ тілінде болуында. Бұл еліміздегі осындай алғашқы жоба.
Оқу орталығы тек ересектерді ғана емес, балаларды да оқытады. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары мұнда ағылшын тілін үйрене алады. Академия оқытушылары шетел университеттерін тәмамдаған, ұстаздық тәжірибесі мол.
Мұнда IELTS халықаралық емтиханына дайындалып, оны тапсырып, куәлік алуға болады.
«Біз ең сұранысқа ие курстарды ұсынуды мақсат еттік. Оның үстіне, адамды жай ғана оқытып жібере салмаймыз, ары қарайғы дамуына, жеке тұлға ретінде жетілуіне де, кәсіби қалыптасуына да ықпал етіп, қолдау көрсетеміз. Жастар келешекте жұмыс берушінің талаптарына сай болуы үшін мамандығының қыр-сырын үйретуді мақсат етеміз. Өйткені, жас маманнан кәсіби білімнен бөлек, белгілі бір жеке қасиеттер, корпоратив мінез-құлық ерекшеліктері талап етіледі. Біз соның бәрін үйретіп, көрсетіп беруге әзірміз», – дейді Тимур Бектұр.
Ал жергілікті жоғары оқу орнының түлегі шетел университеттерінің біріне барып оқуын жалғастырғысы келсе, Timur academy мамандары құжат жинауға, емтиханға әзірленуге көмектеседі, сондай-ақ, ынталандыру хаты мен эссе жазуды үйретеді.
«Қолдағы деректерімізге сүйенсек, қарапайым ережелер мен талаптарды білмеудің салдарынан түлектердің көбі шетелдік жоғары оқу орнына түсу идеясынан бас тартып жатады екен. Көбісі оқуға түсуге «көмектескендерге» көп ақша төлеуге мәжбүр, ал шын мәнінде талапкер оның бәрін өзі де еңсере алады. Сондықтан, бұл мәселеге кешенді ұстаныммен келдік – тіл үйретеміз, емтиханға даярлаймыз, оқуға түсуге көмектесеміз», – деп түсіндірді Timur academy басшысы.
Осы жерде айта кету керек, оқыту орталығының жұмысына қолдау білдіріп отырған - Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды қолдау қоры.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024