Қазақстанда цифрландыру қарқыны артпай экономикалық өсім болмайды - зерттеу
Қазақстан экономикасы, жалпы алғанда, тұрақты даму үстінде, бірақ цифрландырудың қарқынын арттырмай, өнеркәсіптік өндіріс, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, көлік саласында өсім болуы мүмкін емес. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен The Boston Consulting Group “Қазақстанның макроэкономикалық келешегі және цифрландырудағы инвестицияның жаңа көкжиектері» атты бірлескен зерттеу жұмысында осылай делінген.
Есепке сәйкес, Қазақстанның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері мынадай: Қазақстандағы ЖІӨ өсімі 2016 жылы 0,5%-1,0% деңгейінде болады деп күтіліп отыр, 2017 жылы ІЖӨ өсімі жеделдеп, 2 %-ға дейін жетуі мүмкін; инфляция 6-8 %-ға төмендейді деп күтілуде. АҚШ долларының теңгеге шаққандағы айырбастау бағамы 2016 жылы 350-355 теңге болса, 2017 Қазақстан ұлттық валютасының біршама нығаюы арқасында 345-350 деңгейінде болады деп күтілуде.
Хабарламаға айтылғандай, цифрландыру саласында Қазақстан алға жылжып келеді: цифрлық экономикаға тартылу деңгейі тұрғысынан Қазақстан Ресей, БАӘ, Аргентина мен Чили сияқты елдермен қатар деңгейде және индексі 0,72 (БҰҰ мен BCG-тың 2016 жылғы мәліметі), әлемдік орта көрсеткіштен (0,49) жоғары тұр. BCG e-intensity рейтингінің мәліметі бойынша, қазақстандық компаниялар арасында кең жолақты интернетке кіру көрсеткіші 45 %-ды құрайды. Бұл көрсеткіш жағынан Қазақстан БАӘ (53%) және Малайзиямен (38%) теңдес.
"Цифрландырудың өнеркәсіптік өндіріс, халық шаруашылығы, көлік, бөлшек сауда салаларына ықпалы орасан, бірақ Қазақстан бұл салаларда әзірге әлемдік орта деңгейге жеткен жоқ. Мысалы, Қазақстандағы өнеркәсіптік өндірісті автоматтандыруға жұмсалып отырған шығын ІЖӨ-нің 0,07-0,09%-ын ғана құрайды, бұл әлемдік орташа деңгейден (0,18%), 2,3-3 есеге аз, ал Солтүстік және Оңтүстік Америкадан 4-5 есеге аз. Онлайн-сауда нарығы тіпті мардымсыз, 2015 жылғы бөлшек сауда нарығының 0,8%-ын ғана құрайды", - делінген зерттеу жұмысында.
The Boston Consulting Group бас директоры және әріптесі Сергей Перапечканың айтуынша, Қазақстан экономикасын одан әрі цифрландыру көптеген салалардың дамуы үшін негізгі фактор болады.
"Бүгінгі таңда Қазақстанның цифрлық экономикасы БРИКС елдерінің деңгейінде өсіп келеді, бірақ бұл жеткіліксіз, экономикаға артықшылық беретіндей серпілістер керек. Мысалы, электронды коммерцияның дамуы шағын және орта бизнес үшін жаңа арналар ашады, сондай-ақ, «сұр» экономиканың көлемін барынша азайтады.
Зерттеуге сәйкес, қазіргі кезде электронды коммерцияның Қазақстандағы үлесі 0,5%, Ресейде 3%, Қытайда 8,3%. Қазақстандық электронды нарық бөлшек сауда ресейлік нарықтың қарқынымен өсетін болса, 2020 жылға қарай оның көлемі 750-800 млн доллар болуы мүмкін.
"Өзге салаларға келетін болсақ, өнеркәсіптік өндірістегі әңгіме қолданыстағы өндірістік алаңдарды автоматтандырып, мұнай-газ, тау-кен индустриясында, энергетикада 3D-баспа технологиясын қолдануға қатысты болмақ. Қазір елдегі ІЖӨ-нің 25%-ын құрайтын өнеркәсіптік өндірістегі автоматтандыру деңгейі лайықты деңгейде емес: компаниялардың 20%-ында компьютер жоқ, 24%-ы Интернетке шыға алмайды», - дейді ол.
Сондай-ақ зерттеуде айтылғандай, ауыл шаруашылығының дамуын «нақты жер өңдеу» деп аталатын технологиялар қамтамасыз ете алады, олар нақты мәліметтер арқылы тыңайтқыштар мен химикаттарды сауатты пайдалануға мүмкіндік береді.
"2015 жылы ауыл шаруашылық компанияларының 33%-ында ғана компьютерлер болғанын және оның 27%-ы ғана интернетке шығуға мүмкіндігі болғанын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де орасан екенін көреміз. Көлік саласында цифрландыру, билеттерді брондау, мобильді қосымшалар арқылы пошта жіберу, сұраныс пен жоспарлау үдерістерін автоматтандыру, құрал-жабдықты қажетке жаратудың сараптамалық шешімдерін жасау және т.б. көптеген мәселелерді шешер еді. Бұл цифрлық технологиялардың көмегімен жұмысты оңтайландырудың жекелеген мысалдары ғана", - делінген зерттеу мақаласында.
BCG жасаған e-Intensity Index индексіне сәйкес Қазақстан Aspirants тобында, яғни цифрлық тұрғыда дамушы елдер қатарында қалады. Жалпы жағдайдың жақсарғанына қарамастан, Қазақстанның осы рейтингтегі орны өзгермейді (ол 50-52 орында тұр), мұның өзі осы саладағы өсу мүмкіндіктерінің әлі де зор екенін көрсетеді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024