Қазақстанда жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілер саны 4,5 пайызға өсті
Алматы. 11 қаңтар. 7kun.kz – ҚР Қаржы министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2017 жылғы 1 желтоқсандағы көрсеткіш бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілер саны 2016 жылғы осы кезеңге сәйкес мерзіммен салыстырғанда 4,5 пайызға өскен, деп хабарлайды «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санында жеке кәсіпкерлердің үлесі 65,4 пайыз, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 18 пайыз, шаруа немесе фермер қожалықтары 16,4 пайыз, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 0,2 пайыз.
Қазақстанда барлығы 1 156 436 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны - 207 929, ал орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны - 2 609. Жеке кәсіпкер ретінде 756 743 азамат тіркелген. Сонымен қатар елімізде 189 155 шаруа немесе фермер қожалығы ресми жұмыс істейді.
Бұл көрсеткішті өңірлерге шағатын болсақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны бойынша Оңстүстік Қазақстан облысы көш басында. Бұл облыста 179 704 субъект тіркелген. Шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны 26 254 болса, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны 165. Оңтүстікте жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтар саны 94 496-ға жеткен, сонымен қатар 68779 шаруа қожалығы бар.
Ал екінші орында Алматы қаласы. Бизнес орталық ретінде танылған қалада 169 638 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның ішінде 58 247 – шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар болса, 686 – орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар. 110 200 жеке кәсіпкер тіркелсе, 505 шаруа немесе фермер қожалығы ретінде есепке алынған.
Ал Алматы облысы үздік үштікке енген. Ауыл шаруашылығына қолайлы саналған бұл аймақта 45 639 шаруа қожалығы тіркелген. Сонымен қатар 8 482 шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар мен 152 орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар қызмет атқарады. Сонымен 57 255 субъект жеке кәсіпкер ретінде есепте тұр.
Төртінші орында – Астана қаласы. Елордада барлығы 97 197 ШОК субъектісі тіркелген. Ал Шығыс Қазақстан облысында – 81 310, Қарағанды облысында 80 589 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.
Статистика комитетінің мәліметіне назар аударар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны ең аз, атап айтқанда 28 146 субъекті жұмыс істейді. Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары да бизнес субъектісі аз тіркелген аймақ болып саналады. Егер Батыс Қазақстан облысында 37 284 субъектісі болса, Қызылордада – 37 700 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар.
Ал еліміздің жеті өңіріндегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 41 мыңнан 60 мыңның арасындағы көрсеткіш деңгейінде. Атап айтқанда Жамбыл облысында – 59 706, Ақтөбе облысында – 50 430, Қостанай облысында – 49 185, Маңғыстау облысында – 47 239, Атырау облысында – 43 388, Ақмола облысында – 47 754, ал Павлодар облысында 41 638 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.
Өңірлерде, әсіресе ауылдық жердегі кәсіпкерлік саны алдағы 5 жылда артуы әбден ықтимал. Себебі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып отырған «Бастау Бизнес» жобасы 2017 жылы 15 мың ауыл тұрғынын оқытуды көздеді. 2018 жылдан бастап бұл көрсеткіш екі есе ұлғаяды, тиісінше 30 мың адамға білім беріп, оның ішінде 6000 білім алушы өз кәсібін ашуы керек немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейте алады.
«Бастау Бизнес» жобасының 2017 жылғы жоспары 100 пайыз орындалған. Білім алған 15 мың қатысушының 56 пайызы, атап айтқанда 8285 қатысушы бизнес-жобасын қорғады. Ал оның ішінде 3314 – жеке кәсіп ашты, кәсібін өрістетті.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген «Бастау бизнес» жобасы арқылы 2017-2021 жылдар аралығында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 135 мың азамат кәсіпкерлік негіздерінен біліп алады, әрі 27 мың бизнес субъектісі ашылады деп жоспарланған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024