
Астана. 31 тамыз. 7kun.kz - Қазақстанда алғаш рет "Қазақстан Республикасының Ұлттық брендін" анықтау жөніндегі байқау жарияланды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Байқаудың мақсаты – ашық байқау арқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық брендін қалыптастыру жөніндегі үздік ұсынысты анықтау мен әзірлеу.
Байқаудың негізгі міндеттері:
1) халықаралық аренада Қазақстанның имидждік танымалдығы мен тартымдылығын арттыру.
2) қазақстандықтардың отансүйгіштігін нығайту;
3) Қазақстандағы бірегей туристік объектілерді ақпараттық тұрғыдан ілгерілетуге, шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал ету.
Байқау жеңімпазы 5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақымен ынталандырылады. Ал байқаудың екінші кезеңіне өткен Үміткер-жұмыстардың авторы 200 000 теңге көлемінде ақшалай жүлдемен ынталандырылып, байқауға қатысушы сертификатына ие болады.
Конкурсқа қатысу үшін заңды немесе жеке тұлға http://mic.gov.kz/kk/competition сайтында тіркеліп, өтінішті толтырып, жоба логотипін, слоганын және концепциясын бекіту керек. Конкурсқа бұрын жарияланған немесе қолданылған брендтер, логотиптер, слогандар және патенттелген белгілер жіберілмейді.