Астана. 30 қараша. 7kun.kz - «Бәйтерек Development» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев тұтқындалы, деп хабарлайды Қазақпарат жемқорлықпен күрес ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы іске қатысты мәліметтерге сәйкес, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту мен жаңғырту орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған «Бәйтерек Development» АҚ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты факт бойынша қылмыстық схеманы ұйымдастырушылардың бірі ретінде тұтқындалды.
«Бақыт Жақсыбаев қылмыстық әрекетке қатысушылардың барлығының әрекеттеріне жетекшілік етіп, олардың арасындағы рөлдерді бөліп, алатын параларының мөлшерін бекітіп отырған»,-деп түсіндірді жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының өкілдері.
2016 жылдың 30 қарашасында аталған азаматқа қатысты Алматы аудандық №2 сотының санкциясы негізінде «қамауға алу туралы» шара қолданылды.
Айта кетейік, бұған дейін аталған компанияның басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов, атқарушы директоры Ғазиза Сариева, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің жетекшісі Бауыржан Айтымбетов және бұрынғы атқарушы директор Г. Анарбай және “Project City Group” жетекшілері К. Смағұлов, Б. Есмұханов, Е. Жұманазар, А. Комаров қамауға алынған болатын.