Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бақытжан Сағынтаев: Қазақстан әлемдік ет экспорттаушыларға бәсекелес бола алады

Бақытжан Сағынтаев: Қазақстан әлемдік ет экспорттаушыларға бәсекелес бола алады

Алматы. 3 шілде. 7kun.kz – Қазақстан әлемдік ет экспорттаушыларға бәсекелес бола алады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Kazakhstan Global Investment Roundtable жаһандық инвестициялар жөніндегі «дөңгелек үстел» барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты.

«Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының жаңа драйвері ретінде қарастырылады. Біз таяу 5 жылдың ішінде қайта өңделетін ауыл шаруашылығы өнімдері экспортындағы еңбек өнімділігі мен көлемін 2,5 есе арттыруға ниеттіміз. Қазақстан қазірдің өзінде бірқатар елмен - Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуразиялық экономикалық одақпен жаңа нарықтарға ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау үшін уағдаластыққа қол жеткізді. Тек қытай бағытында ғана бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің 13 түрі бойынша талаптар келісілген. Олардың арасында мұздатылған сиыр еті бар. Біз инвесторларға ауыл шаруашылығы тауарларын, ең алдымен етті өндіруде және экспорттауда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар ол бүгінде әлемдік ет экспорттаушыларға айналған Бразилия, Жаңа Зеландия, Автралия, Канада кезінде осы жолмен өткендігін еске салды.

«Қазақстан инвестицияның арқасында осындай елдермен иық тірестіріп, тіпті оларға бәсекелес те бола алатындығына сенімдімін. Қазақстан табысты бизнес жүргізу үшін - зор мүмкіншіліктер мен перспективалар елі», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне, оның ішінде тамақ өнеркәсібіне инвестиция салудың әлеуеті үлкен екенін де атап өтті. Сондай-ақ АКТ, туризм, қаржы, электронды сауда, ІТ-сервистер, big data венчурлық бизнес, жасанды интеллект сынды келешегі зор салаларға да инвестиция тартуға мүдделілік танытылатындығын баса айтты.

Похожие материалы