Алматы. 30 қаңтар. 7kun.kz - «Байқоңыр» кешенін жалға беруден Қазақстан бюджетіне 2,645 миллиард АҚШ доллары түсті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің «Халық коммунистері» фракциясының депутаттық сауалына берген жауабында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Сауалда депутаттар Ақай мен Төретам қалаларының даму келешегіне, сонымен қатар қазақстандық және ресейлік азаматтардың еңбекақы шарттарының тең құқықтылығына алаңдаушылық білдірді. Ақай мен Төретам қалаларының дамуына қатысты Премьер-Министр аталмыш шаһарларда әлеуметтік нысандар мен жолдар, су жүйелері жөнделіп, жаңадан салынатынын хабарлады.
Сонымен қатар, Қармақшы ауданында «Байқоңыр» ойын-сауық, туристік аумағын құру бойынша жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жоба келешекте мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашады деп күтілуде. Үкімет басшысы теңқұқықты еңбек шарттары туралы жауап бере келе, Байқоңырдың 1995 жылғы мәртебесі туралы келісімді еске салды. Оған сәйкес, қала тұрғындарын саяси нанымына, нәсіл мен ұлтына, әлеуметтік шығу тегі, жынысы, әлеуметтік және мүліктік хал-жағдайына, тілі мен дініне қатысты шектеу қоюға жол берілмейді.
Ал екі елдің 2004 жылғы бекітілген келісімі бойынша, қазақстандық және ресейлік мамандар, ұйымдар «Байқоңыр» айлағындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруда тең шарттар негізінде қатысады. Бұған қоса ресейлік тараппен қаржыландырылатын мекемелерде еңбек ететін Байқоңыр қаласының тұрғыны азаматтығына қарамастан Ресейдің заңнамасына сәйкес айлық алады. Қазақстан азаматтары жіберілмейтін, Ресейдің мемлекеттік құпияларымен байланысты жұмыс түрлерінде ғана өзгешелік бар.
«Қазақстан азаматтарының «Байқоңыр» кешенінде еңбек құқықтарына шектеу қою жағдайы байқалмайды (...) Сонымен бірге, «Байқоңыр» кешенінде мүдделердің заңдылығы мен құқығын қорғау үшін сол қалада тұратын Қазақстан азаматтарының өтінімдерімен айналысатын ҚР президентінің арнайы өкілі жұмыс істейді», - делінген жауапта.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024