Қазақстандық кепілдік қоры (ҚКҚ) жеке тұлғалар салымына тиімді сыйақы ставкасын 14 пайыз етіп бекіткен соң банктер теңгеде сақталатын депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін төмендете бастады. Нарықта орта есеппен теңге депозитінің мөлшерлемесі 2-2,9 пайызға түсті.
Kaspi bank қаражатын теңгеде сақтайтын салымшыларға берілетін сыйақыны 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап төмендетті. Банктің call-орталығында айтқандай, бір жылға ашылған «Kaspi депозит» бойынша ставка 14 пайыздан 11,4 пайызға төмендеді. "Жылдық тиімді ставка 14,9 пайыздан 12 пайызға түсті. Доллардың да сыйақысы бұрын 2 пайыз еді, қазір 1,5 пайызға түсті. Қазір біз еуро салуға болатын депозит ашпаймыз" - дейді call-орталық қызметкері.
Еуразиялық банкте салымдардың бірінде тиімді ставка 1 пайызға азайған. "Мысалы, TURBO Deposit бойынша, салымды бір жыл бойы сақтасаңыз, тиімді ставка 15 пайызды құрайтын еді, қазір ол 14 пайыздан аспайды. Мұндай салымның номиналды ставкасы бұрын 14 пайыз шамасында еді, ол да 13 пайызға түсті", - дейді банктің call-орталығы.
Қазком қызметкерлері депозит мөлшерлемесі 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап түсе бастағанын айтады. "Үздік" салымы бойынша қаражатты бір жыл бойы шотта сақтаудың номиналды ставкасы 14 пайыз еді, ол 13,2 пайызға түсті. Ал тиімді мөлшерлеме 14,9 пайыздан 14 пайызға түскен. Мұндай ақпаратты банктің call-орталығында берді.
Ал ЦентрКредит банкінің теңге салымдарына қатысты мөлшерлемесі 26 желтоқсаннан бастап төмендей бастаған. Банк қызметкерлері 18 айды қамтитын "Чемпион" депозитінің ставкасы 14 пайыздан 12 пайызға түскенін айтады. Call-орталықтың ақпараты бойынша, тиімді ставка бұған дейін 14,8 пайыз шамасында болатын, енді ол 12,7 пайыз көлемінде.
Халық банктегі бір жылға теңгемен ашылған "Халықтық - стандартты" депозитінің номиналды ставкасы 2,5 пайызға түскен. "Біз ставканы желтоқсан айының 20-ларында түсірдік. Бұған дейін теңге бойынша бір жылға ашылған депозиттің сыйақысы 12,5 пайыз еді, қазір ол 10 пайыздан аспайды", - дейді банктің call-орталығы.
Естеріңізге салайық, 20 желтоқсанда 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық кепілдік қорының сыйақысы жеке тұлғаларға номиналды емес, тиімді ставка бойынша есептелетіні белгілі болды. Яғни, енді теңгемен ашылған салымдардың кепілдендірілген тиімді ставкасы 14 пайызды құрайды. Негізі банктер мөлшерлемені қазақстандық кепілдік қоры бекіткен ставкадан жоғары етіп қоюына рұқсат, бірақ ондай жағдайда банк қорға қосымша қаржы құюға мәжбүр болады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024