Алматы. 22 желтоқсан. 7kun.kz – Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары аясында Алатау ауданындағы индустриалды аймақта болды. Мұнда құрылыс, фармацевтика, химия, тамақ, жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша 40 ірі отандық және шетелдік жобалар жүзеге асып жатыр.
Индустриалды аймақты аралаған Бауыржан Байбек «ALATAU» сауда маркасы бар картридждер мен күн батареяларын шығаратын жаңа өндіріс орнымен танысты.
Компанияның бас директоры Мұрат Рахымжанов алғашқы өндірістік желінің жылына 75 мыңнан астам картридждер шығаратынын, 2019 жылға дейін өндіріс көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отырғандықтарын айтты. Кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді. Алайда өндіріс қуаты артқан кезде жаңа жұмыс орны екі есе өсетін болады. Өнім ассортименті «ALATAU» картридждерінің 150-ден астам моделін құрайды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мегаполиске қосылған елді мекендерде барлық жағдайлар жасалып келеді. Алатау және Наурызбай аудандары орталықтандырылған қағидасы бойынша дамып, өркендеп келеді. Алатау ауданындағы Индустриалды аймақ кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында құрылған. Ең алдымен, Алматының әлеуетті өндіріс орындарын дамытуға бағытталған. Мұнда бірінші кезекте қаланың тұрғылықты жерлеріндегі өндіріс орындарын осы аймаққа көшіретін инвестициялық жобаларға, импортты алмастыра алатын технологиялық, иновациялық өнімдер шығаруға жете назар аударылады. Кәсіпорындардың ашылуы Алатау ауданында жаңа жұмыс орындарының пайда болуына кең жол ашады», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Алматы әкімі жұмыс сапары барысында кабель желілерін шығаратын ресейлік «КМК Investment» зауытының, үлкен диаметрлі болат құбырларын шығаратын қытайлық «Asia Steel Pipe Company» зауытының, инженерлік жүйе қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жапондық жаңа «Tokyo Rope Almaty» зауытының құрылысымен танысты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024