Қазақстан. 4 мамыр. 7kun.kz – Талапкерлерге ҰБТ тапсыруға екі мүмкіндік беріледі. Бірақ бейіндік пәндерді өзгертуге тыйым салынады. Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Оның айтуынша, тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. Пәндердің саны өзгеріссіз қалды – үш міндетті және екі таңдау пәндері. Тест тапсырмаларының саны – 120, тест тапсыру уақыты – 240 минут, яғни төрт сағат. Енді ҰБТ тапсыруға екі мүмкіндік беріледі, бірақ бейіндік пәндерді өзгертуге болмайды.
«Егер талапкер бірінші рет физика мен математиканы тапсырған болса, онда ол сол пәндер бойынша қайта тапсыра алады. Бейіндік пәндерді ауыстыруға тыйым салынады. Тағы бір мәселе – бірінші тестілеу кезінде ережелерді бұзған абитурент, екіншісі тестілеуге жіберілмейді және ол грантқа өтініш бере алмайды», – деді Әділет Тойбаев.
Егер оқуға түсуші бірінші мүмкіндігін сәтті пайдаланып, бірақ екіншісінде ережені бұзса, онда оның екі мүмкіндігінің нәтижесі де күшін жояды.
Сондай-ақ биыл ҰБТ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін "1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші" қағидаты бойынша жүргізіледі. Әділет Тойбаевтың айтуынша, қазір Face ID арқасында тестілеуге кіруге талпынған жалған тұлғалар тез анықталады.
Айта кетейік, ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 28 сәуірде басталып, 14 мамырға дейін жалғасады. Қазірдің өзінде 130 мыңнан астам адам ҰБТ-2022-ге тіркелді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024