Ботокс пен маникюр үшін түрмеге: Түркіменстан президенті әйелдерге қатаң ережелер енгізді
Түркіменстан. 18 мамыр. 7kun.kz – Түркіменстанның жаңа президенті, бұрынғы Мемлекет басшысының жалғыз ұлы Сердар Бердімұхамедов елдегі барлық әйелдерге қатысты бірқатар жаңа ережелерді, дәлірек айтсақ тыйымдарды енгізді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Онда ботокс улы деп танылып, Түркіменстанға әкелуге тыйым салынды. Препараттың кез келген түрін пайдалану қатаң тыйым салынады. Клиенттер де, мұндай қызметтерді көрсеткендер де заң бойынша жазаланады.
Маникюр мен кірпікті ұзартуға да қатаң шектеулер енгізілді. Бұл үшін жаза 15 тәулікке қамау немесе ірі көлемдегі айыппұл салынады.
Сондай-ақ әйелдерге тар және қысқа киім киюге тыйым салынды. Әйелдерге тек ұлттық киім киюге кеңес беріледі.
Тағы әйелдердің шаштарын бояуға тыйым салынады. Оның ішінде үйде де, шаштаразда да.
Түркіменстанда әйелдерге көліктерді пайдалануға да шектеу қойылды. Олар көлікте туысымен ғана және кешкі сағат сегізге дейін ғана жүре алады. Оның өзінде алдыңғы орындықта емес, әйтпесе айыппұл салынады.
Жергілікті басылымдардың жазуынша, жақын арада түрікмен әйелдеріне шетелге шығуға да тыйым салынуы мүмкін.