Алматы. 30 қаңтар. 7kun.kz - Көмірді шетелге сатудан тапшылық орын алуда деген ақпарат жалған. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Теміржол тарапынан ешқандай проблема жоқ, вагондар бар. Көмір өңдейтін кәсіпордарда да еш проблема болған емес, шектеу жоқ. Олар қанша көмір керек болса, соны алады, қажет болса өңдейді. Ал ол үшін тиісінше тапсырыс қажет. Алматы қаласының және Алматы облысының жергілікті компаниялары келісімшартқа отырып, ақшасын төлесе, көмір қанша керек болса сонша тасымалданады», - деді министр Алматы қаласы мен Алматы облысындағы көмір тапшылығына қатысты.
Қанат Бозымбаев жергілікті органдар бұл мәселені қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айта келе проблеманы өңір әкімдерімен өткен аптада да, осы аптада да талқылағанын атап өтті. Сонымен қатар министрден БАҚ өкілдері көмір шетелге сатылуына байланысты елімізде тапшылық туындады деген ақпарат қаншалықты рас екендігін сұрады.
«Жоқ, ол жалған ақпарат. Көмір тек қана 2 разрезден сатылады. Тұрмыстық көмір басқа разрезден өндіріледі, сапасы сәл басқаша», - деп жауап берді ол.