Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бүгін теңгенің айналысқа енгеніне 25 жыл

Бүгін теңгенің айналысқа енгеніне 25 жыл

Алматы. 15 қараша. 7kun.kz — 1993 жылы  15 қараша күні теңге ресми айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы  8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталған еді.

Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге, кейін қайта қарастырылып  500 рубль бағамында белгіленді.

Ал бұдан 3 күн бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Теңгенің дайындау жұмыстары  1992 жылы басталып, 27 тамызда теңге купюрасының үлгілері бекітілді.

28 тамызда теңгенің дизайнерлері Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла  Әбжәлелов Англияға аттанып, теңгені шығару жұмыстарымен айналысты.

Төл валютамыздың алғашқы  партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Басылып шыққан купюралар Қазақстанға төрт ИЛ-86 ұшақтарымен  18 мәрте тасымалданданып, арнайы жерасты қоймаларына жеткізілді. Одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілді. Мұның бәрі өте құпия жағдайда жүзеге асты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы былай дейді: «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны  ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар».

Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды.

Сондай-ақ, Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр хан, Абылай хан бейнесі көрініс тапты.

Кейіннен теңгедегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталды.  2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді. 

Қазір банкнот - Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады. Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.  

Похожие материалы