Саты ауылы - Алматы облысы, Кеген ауданында орналасқан. Дәл осы жерден Қазақстан басталады немесе аяқталады. Өйткені бұл ауылдық округ Қырғыз шекарасымен шектеседі. Бүгінде ауыл туристер көп баратын нысан ретінде белгілі. Өйткені мұнда әйгілі Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі бар. 334 отбасы тұратын ауылға жаз кезінде Қазақстан мен әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көп келеді. Өкінішке қарай олар жиі ұшырасатын проблеманың бірі – бұл ауыл туралы интернеттен ақпарат табу мүмкін емес. Жақында осы олқылықтың орнын толтырғысы келген ауыл мектебінің 2000 жылғы түлектері iSaty.kz сайтын ашқан.
«Жаз кезінде ауылға туристер ағылады. БІрақ негізгі проблема – әйгілі Көлсай мен Қайыңдыға қалай жетуге болады, қонақ үйлер бар ма, бағасы қанша, қосымша қандай қызметтер бар, қандай құжаттар керек деген сияқты стандартты сұрақтарға ақпарат жоқ. Біз сол олқылықтың орнын толтыру үшін өте қарапайым сайт аштық. Қазіргі кезде контентпен толықтырып жатырмыз. Орыс тіліндегі ақпарат сұранысқа ие. Сондықтан сайттың орыс, ағылшын тіліндегі нұсқасын іске қоспақпыз. Қазір әлем цифрланып жатқан тұста ақпараттың болмауы мүмкін емес», - дейді жоба авторларының бірі Анар Сұлтанғазиева.
Сатыда «Қазақтелекомның» инернеті мен Билайн, Актив байланыс операторлары іске қосылған. Отау-ТВ арқылы қазақстандық телеарналарды көруге болады. «Цифрлы Қазақстанның» шапағаты ең шалғай ауылға жеткен.
Тұрғындар 10 жыл бұрын мұнда ресейлік ОРТ арнасы мен Қазақстан телеарнасы ғана көрсететін дейді. Кейін Отау-ТВ іске қосылып, тұрғындар көретін телеарналар көбейген. Кейін байланыс операторлары ұялы байланыс қызметін қосқаннан кейін интернетке де қол жеткен. Тұрғындар ақпарат алмасуға Whatsapp-тың ыңғайлы екенін айтады.
«Жақында ауылдың бейресми сайты ашылған соң Саты ауылы цифрландырудың барлық қызметін тұтына бастағандай болды. Тек «Ақылды Ақкөл» сияқты үйлерге ақылды қондырғылар ғана жетпей тұр» дейді ауыл тұрғындары.
iSaty.kz сайтын іске қосқан мектеп түлектері оқушыларды да сайтпен жұмыс істеуге дайындай бастапты. «Saty.Bilim.Tulek» атты жоба аясында оқушылар ауыл туралы контент дайындап өзара сынға түседі. Ең үздік мақала, сұхбат, фоторепортаж, видеоөнім дайындаған 3 оқушының материалы сайтқа жарияланып, айлық стипендияға ие болады.
«Бұл арқылы сайт ауыл туралы материалдармен толыға түседі. Әрі оқушылар да сайтқа материал дайындап үйренеді. Арасында өзіміз барып материал дайындау, мобильді құралдардың көмегімен сурет, видеоға түсіру, өңдеу, әлеуметтік желіні қолдануды үйретіп тұрамыз. Сол арқылы оқушылардың цифрлық сауатының артуына да ықпал етеміз», -дейді жоба авторлары.
Оларды бұл іске Ресейдің шалғайындағы Глазок ауылының seloglazok.ru сайты шабыттандырыпты.
«Осыдан 2 жыл бұрын Глазок ауылының сайты туралы Ресейлік БАҚ жарыса жазды. Сол кеpде бізге де ауылымыз туралы жоба жасау керек-ау деген ой келген. Биыл іске қостық. Көлсай, Қайыңды көлдері туралы ақпарат алатын басты ресурс жасауға, мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындарын контент дайындауға үйретуге күш саламыз. Алдағы уақытта ауылда онлайн қызметтерді үйрету үшін семинар өткізу жоспарымызда бар. Өйткені ХҚО аудан орталығындағы ауылдар үшін - Egov қызметін онлайн алу тамаша мүмкіндік. «Цифрлық Қазақстан» жобасын жүзеге асыру тек мемлекеттің ғана міндеті емес – қоғам да көмектесуі керек», дейді жасаушылар.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024