Даудың басы - тағы да Руслан Жанпейісов. "Полицейлер аңшысы" ІІМ-ін сотқа бермек
Алматы. 2 қазан. 7kun.kz — Танымал шымкенттік блогер, азаматтық белсенді, «полицейлер аңшысы» атанған Руслан Жанпейісов (шын аты - Бейбарыс Райымбеков) жеке өмірінің жай-жапсарын жариялағаны үшін Ішкі істер министрлігін сотқа бермек. Бұл туралы ол Шымкентте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның пікірінше, сотқа жүгінуге негіз болатын ұстау рәсімін орындау кезінде заң бұзушылықтар орын алған. Блогердің айтуынша, оны ұстау барысында "күдіктіні ұстау туралы қаулымен" таныстырған, бірақ қаулы шығаруға негіз болған сараптама қорытындысын ешкім ұсынбаған.
Жанпейісовтің адвокаты Закир Асадов та бұған назар аударған.
"БАҚ-та ҚР ҚК-нің 107-бабы "Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру" бойынша сараптама егжей-тегжейі жарияланып жатыр, ол туралы мен де, менің қорғауымдағы адам да білмедік. Біз бұл сараптамамен таныс емеспіз. Бірақ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің арқасында қазір бізде бұл қандай сараптама екендігі туралы түсінік пайда болды. Неге біз, күдікті және оның қорғаушысы, ол туралы білмейміз, бірақ бүкіл Қазақстан біледі?!", - деді адвокат.
ІІМ-ге жолданған тағы бір шағым, қорғаушының ақпаратынша, Жанпейісовтың соттылығы жойылмағандығы туралы ІІМ таратқан ақпараттың дәл еместігімен байланысты. Баспасөз конференциясында ҚР Бас Прокуратурасы жанындағы Прокурорлық Орталығы Бейбарыс Райымбековтің (белсендідің шын аты-жөні) 2018 жылы 23 тамызда сотталғандығын жойғанын растайтын ресми құжатты көрсетті.
«Полицейлер аңшысының» айтуынша, ІІМ бөлімдері ұсынған және көпшілікке жариялаған мәліметтер оның іскерлік беделіне нұқсан келтіреді, ар-намысы мен қадір-қасиетін кемітеді және сот талқылауына әкеп соқтырады.
"Талап-арыздар болады", - деді Жанпейісов.
Сондай-ақ, адвокат Закир Асадовтың пікірінше, күдіктінің үйінде полиция тарапынан тінту жүргізу үшін жеткілікті негіздер болмаған. Іздеуге сот рұқсат берген.
Айта кетейік, іске себеп болған оқиғаны Руслан Жанпейісов баяндап берді. Оның айтуынша, 10 маусымда ол қаланы аралап жүргенде гелендвагеннің жүргізушісіне жол ережесін бұзғаны туралы ескерту жасаған. Беделді шетел көлігінің жүргізушісі қаруланған күйде машинадан шыққан. Блогердің сөзінше, бұл жағдай аэрозольдық құрылғыны өзін-өзі қорғау мақсатында қолдануына себеп болған.
Еске сала кетейік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері 26 қыркүйекте қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен Руслан Жанпейісовты ұстады. Оған бұзақылық, бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана орташа дәрежеде зиян келтіру және мемлекеттік қызметшіні қорлау сияқты айыптар тағылған. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалған. Алайда полиция көп ұзамай оны жіберуге мәжбүр болған, себебі прокуратура Жанпейісовке "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасын қолдану арқылы тергеуді қолдамаған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024