Алматы. 20 мамыр. 7kun.kz - Египеттің туризм Әкімшілігі мен қонақүйлер Ассоциациясы Алматыға ресми іс-сапармен келіп, екі ел арасында екі жақты меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі.
Египеттегі Оңтүстік Синайдың губернаторы Халид Фуд және Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев бастаған делегациялар туристік нарықтың жағдайы мен египет шипажайларындағы туристік қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндіктері туралы ақпаратпен бөлісті.
Шара барысында Египеттің ҚР-дағы елшісі Хаитам Камэль Алматы мен Шарджы арасындағы әуе тасымалының ашылуы туралы айтты. "Қазақстандағы туризм саласы дамыған аймақпен келісімге қол қойғанымызға қуаныштымыз. Меморандум туризмнен бөлек спорт, білім беру, медицина салаларын да қамтиды", -деді Хали Фуд.
Ол өткен жылы Синай аймағындағы болған әуе апатының салдары туралы айта келіп, қауіпсіздік мәселесінің жоғары деңгейде назар аударылып отырғандығын атап өтті. Оңтүстік Синай губернаторының сөзінше, екі арадағы қашықтық пен баға туристер үшін қолайлы болмақ.
Өткен жылы Египетке 22 мыңға жуық қазақстандық барған.