Нұр-Сұлтан. 16 мамыр. 7kun.kz – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев XII Астана экономикалық форумына қатысты.
Форумның пленарлық отырысына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үдерісіндегі АЭФ-тің маңызды рөлін атап өтті.
Осы жерде өткен жылдары талқыланған ұсыныстар мен идеялар көп жағдайда Қазақстанға жаһандық сын-қатерлерге дер кезінде жауап беруге және қиындықтарды табысты еңсеруге көмектесті. Өздеріңіз білесіздер, дамудың қазақстандық моделі барлық жағдайлар мен болжамдарға қарамастан өзінің тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдеді. Біз өршіл мақсаттар қойдық және оларға қол жеткіздік, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Пленарлық отырыс барысында Елбасы жаһандық экономикадағы соңғы өзгерістерге қатысты өз пікірімен бөлісті және мемлекетаралық диалогты жақсарту бойынша бірқатар идеяларды ұсынды. Өз сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлемдік экономиканы дамыту, цифрландыру, білім беру үдерістерін трансформациялау, адами капиталға қойылатын талаптарды арттыру мәселелеріне, сондай-ақ урбанизация перспективаларына тоқталды.
Көріп отырғанымыздай, экономикалық жоспарлау көкжиектері өте тарылып жатыр. Күрделі жағдайлардан шығу жолдарын БҰҰ, G20, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар мен форумдар шеңберінде табуға болады және табу қажет. Бірлескен талқылау мен басқаруға көшу уақыты келді. Жақында Пекиндегі «Бір белдеу, бір жол» екінші форумында мен жаңа геосаяси нақтылық негізінде «Үш Д» тұрақты жаһандық архитектураны қалыптастыруды ұсындым, ол үш деңгейде диалогты орнатуды көздейді, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан басқа, Елбасы АЭФ алаңында халықаралық диалог форматын кеңейту бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.
Мұнда айтылған идеялар әлемдік саясат пен экономиканың ең күрделі және өзекті мәселелеріне шешім табуға ықпал ететініне менің күмәнім жоқ, - деп атап өтті Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024