Экономика
Елбасы жұмыс орындарын сақтауды тапсырды
Елбасы Н.Ә.Назарбаев компания басшыларына жұмыс орындарын сақтауды тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Дәл қазір мемлекет басшысы Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп жатыр.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев биыл іске қосылатын инвестициялық жобалар туралы баяндады. Министр бұл жобалар сапалы жұмыс орындарын ашуға және оларды сақтауға мүмкіндік беретінін айтты.
Әсет Исекешев қаңтар айының басында үкіметте салалық кәсіпорындарды қолдау жоспары қабылданғанын атап өтті.
«Қазір әрбір кәсіпорында әртүрлі жағдай пен даму конъюнктурасына қатысты жылдық нақты жоспарлар бар. Әр кәсіпорынмен мәміле жасалды. Мемлекет оларға әртүрлі қолдау шараларын көрсетіп отыр, ал олар өз кезегінде кіші және орта кәсіпкерлікті қолдап, жұмыс орындарының сақталуына көмектеседі»,-деді Ә.Исекешев.
Нұрсұлтан Назарбаев барлық компания басшысына тапсырма берді. "Ең бастысы, әсіресе, Соколов-Сарыбай, Кармет сынды ірі кәсіпорындар жұмысшы адам үшін жұмыс орнын сақтауы керек. Мен мұны бұрынғы жұмысшы ретінде айтып отырмын. Мен барлық компания басшысына егер өндіріс мәжбүрлі түрде қысқартылатын болса, адамдар мәжбүрлі түрде қысқаратын болса, олар басқа жұмыста істеуі мүмкін екенін айтқым келеді. Бұл адам үшін, оның отбасы үшін айрықша маңызды", - деді Мемлекет басшысы.