Алматы. 29 наурыз. 7kun.kz – Валюталық қарызды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдеде аяқталады, - деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Ипотекалық қарыз алушыларға мемлекеттік қолдау көрсету шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық Банк 2015 жылдан бастап Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асыруда.
Ұлттық Банк 2015 жылы бөлген 130 млрд теңге банктердің 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталған.
2019 жылғы 1 наурызда банктер Бағдарлама шеңберінде 162,5 млрд теңге сомаға 26,2 мың қарызды мақұлдады, оның ішінде 142,8 млрд теңге сомаға 24,5 мың қарыз қайта қаржыландырылды.
Бөлінген қаражаттың толық игерілуіне байланысты, қазіргі уақытта қарыздарды қайта қаржыландыру бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түсетін ақша есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар ақша игерудің револьверлік тетігін ескере отырып қайта қаржыландырылған қарыздардың саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болуы мүмкін.
2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық Банкке 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген халықтың валюталық ипотекалық қарыздары жөніндегі мәселені түпкілікті шешуді тапсырды.
Аталған тапсырманы орындау мақсатында Ұлттық Банктің Басқармасы 2018 жылғы 27 наурызда жаңа редакцияда бекіткен Бағдарлама 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруды көздейді.
Қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырылуға тиіс екендігін еске саламыз. Бағамдық айырма сомасы (шамамен 156 млрд теңге) Ұлттық Банк қаражаты есебінен өтеледі.
Банктер мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде қарыз алушылардың 136 млрд теңгеден асатын сомада сыйақысы, комиссиялары, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін кешіретінін хабарлаймыз.
2019 жылғы 1 наурызда банктер 56,4 млрд теңге сомаға валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 6,7 мың өтінімді мақұлдады, оның ішінде 42,2 млрд теңге сомаға 5,3 мың қарыз қайта қаржыландырылды.
Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдеде аяқталады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін банктер қарыз алушыларға берешекті өндіріп алуға бағытталған, заңнамада көзделген шараларды қолдануға құқылы. Валюталық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру үшін қарыз алушылар 2019 жылғы 1 шілдеден кешіктірмей кредитор банкке өтініш беруі қажет.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024