Биыл әкімдіктер жоспарланған инженерлік желілерді цифрландыру жұмыстарының 45 пайызын ғана қаржыландырған.
Астана. 4 қазан. 7kun.kz – Үкімет отырысында баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бүгінде мемлекеттік органдар әкімдіктермен бірлесіп, қала құрылысына қатысты бас жоспарлардың, инженерлік желілердің, ауыл шаруашылығы жерлерінің деректерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Цифрланған деректерге қолжетімділік бірыңғай мемлекеттік қала құрылысы кадастры арқылы ұйымдастырылады. Бірыңғай кадастр халық пен бизнестің қала құрылысы, орман, су шаруашылығы және басқа да жүйелеріндегі ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жер телімдерін беру бойынша мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін оңтайландырады», – деді министр.
Алайда аталған ақпараттық жүйені енгізу бірнеше мәселелеге байланысты тұралап қалуы мүмкін. Оның алғашқысы инженерлік желілерді цифрландыру жұмыстарын қаржыландыру.
«Біріншіден, әкімдіктер инженерлік желілерді түгендеу жұмыстарын жеткілікті түрде қаржыландырмайды. Биыл әкімдіктер жоспарланған инженерлік желілерді цифрландыру көлемінің 45 пайызын ғана қаржыландырды. Бұл 57,4 мың гектардың 32,9 мың гектары ғана. Жергілікті атқарушы билік бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек», – деп түсіндірді Мусин.
Екіншісі, деректерді дер кезінде жаңарту.
«Заманауи бизнес-үдеріс ұзақ уақыт алады. Сондықтан ақпараттық жүйелердегі деректерді интеграциялау арқылы үнемі жаңартылып отыруы керек», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар Бағдат Мусиннің айтуынша, қазіргі уақытта табиғи монополия субъектілері өздерінің ақпараттық жүйелерінде жеке деректері бар деген желеумен техникалық сипаттамалар және инженерлік желілердің жалпы мүмкіншілігі туралы мәліметтерді ұсынбайды.
«Егер бұл ақпарат ашық дереккөздерде сақталса, бұл қағазбастылықты азайтады. Біз бұл міндеттемелерді тиісті заң жобасына түзетулер аясында қарастырдық. Бұған қоса кадастр деректері күн сайын жаңартылып, бір форматта ұсынылуы керек», – деді министр.
Бағдат Мусиннің айтуынша, қазіргі уақытта қолданыстағы 1942, 1963 жылдардағы және жергілікті технологиялық координаттар жүйесі ескірген.
«Бүгінде ТМД-ның барлық елдері заманауи координаттар жүйесіне көшті, осыған байланысты министрлік кеңістіктік деректерінің ұлттық инфрақұрылымы жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында бірыңғай мемлекеттік координаталар жүйесі құрылып, оны пайдалану үшін цифрлық картографиялық база құрылады. Біз үкіметтен ұсынылған бастамаларды қолдауды сұраймыз», - деп түйіндеді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024