Алматы. 28 тамыз. 7kun.kz – Республика бойынша статусы жоқ халық саны 1 миллион 322 мың адамды құрайды. Бұл туралы Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Бүгінде бұл азаматтардың мәртебесін анықтау мақсатында ведомствоаралық арнайы комиссия құрылған. Ал, жергілікті деңгейде өңірлік штабтар жұмыс істейді. Олар ағымдағы жылдың екінші тоқсанында анықталған проблемалар бойынша талдау жүргізіп, азаматтарды тіркеудің жаңа тәсілдерін мақұлдады. Яғни ақпараттық дерекқорға жаңа статустар енгізілді. Яғни, үй шаруасындағы әйелдер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 3 жасқа дейінгі балаға күтім көрсететін адамдар, шарт бойынша жұмыс істейтіндер, шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер, еңбекші мигранттар, тағы басқа статустар қосылған.
Елімізде статусы нақтыланбаған азаматтардың басым бөлігі Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында тұрады
«Бүгінде 1 миллион 385 мың адамның мәртебесі нақтыланды. Олардың ішінде 548 мың жұмыскер еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналары түсе бастады. 13 мың кәсіпкер өз қызметін ресми түрде тіркеді. 22 мыңнан астам адам азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер, үй жұмыскері және шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер ретінде анықталды. 17 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркелді. 84 мың адам әлеуметтік төлемдерді, ал 19 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті алушы ретінде тіркелді. 29 мың әйел жүктілікке байланысты есепке қойылды. 8,7 мың адам үш жасқа дейінгі баласына күтім жасап отыр», – деді министр.