Алматы. 5 желтоқсан. 7kun.kz — Мереке қарсаңында туған Мүслима Саматқызының отбасы Талдықорғанның қақ ортасынан пәтерлі болды. Оның кілтін сәбиге облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі табыстаған. Мүслима мамырда дүниеге келіп, қазақстандықтардың санын 18 миллионға толтырған болатын. Облыс әкімі сол кезде-ақ ата-анасына «бауы берік болсын» айта барып, пәтер сыйлауға уәде еткен еді.
Ел тұрғындарының саны 18 миллионға жеткенін айтып, жазда сүйіншілеген едік. Сол санды түгендеген – Мүслима Саматқызы. Ол мамырдың 11-інде дүние есігін ашқан. Сол кезде статистика комитеті сәбиді Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны деп таныды. Жұлдызы жанған нәресте Бестібаевтар отбасындағы екінші бала.
«Өзінің ерекше туғанын білетін сияқты. Көп мамасын алаңдатпайды. Мінезі бірқалыпты», — дейді Мүслиманың әкесі Самат Бестібаев.
Бұл отбасының көп ұзамай қоныс тойын тойлайтыны Мүслима дүниеге келгенде-ақ белгілі болды. Өйткені, перзентханадан шыққан соң, шақалақты Амандық Баталовтың өзі құттықтап барған. Сөйтіп, ата-анасына пәтер сыйлауға уәде етіпті. Айтылған сөз атылған оқ деген әкім, уәдесін мереке күні орындағанды жөн көріпті.
Бұған дейін сәбидің отбасы жалдамалы пәтерде тұрған. Ал, үйі жоқтың күйі жоқ екені белгілі. Әрі ол баспана тым ескі болған екен. Енді көп ұзамай бұлар су жаңа пәтерге қоныс аударады. Бүгін еліміздің 18 миллионыншы тұрғынынан бөлек, тағы 118 отбасы үйлі болды. Салтанатты марапаттау кезінде Амандық Баталов мұның бәрі елбасының арқасы екенін тағы бір атап өтті.
«Соның барлығы біздің елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының, сол кісінің қолдауы мен көмегінің арқасында», — дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Бүгін табысталған үй «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған. Соңғы 5 жылда Талдықорғанда 29 көпқабатты үй пайдалануға беріліпті. Осылайша, 2 мың отбасы үйлі болған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024