Алматы. 3 ақпан. 7kun.kz — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыс тобы әзірлеген жұмыс істейтін азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану нұсқалары туралы айтты. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл тәсілдерді мемлекет басшысы «осы маңызды мәселені шешудегі алғашқы қадам» ретінде мақұлдады.
"Жұмыс тобы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдаланудың бірнеше нұсқасын ұсынды. Бірінші санат – тұрғын үй сатып алуға немесе қымбат емге (жеке тізбе бойынша) зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын беру ұсынылатын жұмыс істейтін азаматтар – бұл «жеткіліктілік шегінен» (шамамен 100 мың адам) асатын зейнетақы жинақтары бар БЖЗҚ салымшылары. Бұл ретте БЖЗҚ «жеткіліктілік шегін» әрбір жас үшін, ерлер мен әйелдер бойынша жеке есептеген. Жастау адамдардың жинақтауды жалғастыру үшін болашақ еңбек қызметінің кезеңі (зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін) неғұрлым ұзақ болатыны назарға алынды. ",- делінген хабарламада.
БЖЗҚ ұсынған «жеткіліктілік шегі» жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тұрақты қатысып келетін орташа статистикалық салымшыда (яғни зейнетақы жарналарын тұрақты түрде төлеп отыратын адамда) жаңа жарналар мен инвестициялық табыс есебінен өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз ету үшін қажетті сомаға дейін кейіннен толықтыруы арқылы жиналуға тиіс зейнетақы жинақтарының ең төменгі шегі болып табылады. Демек, салымшының жасы кіші болған сайын, «жеткіліктілік шегі» соғұрлым төмен болады.
"Мысалы, 40 жастағы салымшы үшін (орташа еңбек өтілі 18-20 жылды құрайтын) жинақтаудың ең төменгі шегі: ерлер үшін 6,9 млн теңгені және әйелдер үшін 9,8 млн теңгені құрайды. 63 жастағы салымшы, яғни, зейнеткерлік жасқа жеткен адам үшін бұл шек ерлер үшін 8,2 млн теңгені және әйелдер үшін шамамен 10,1 млн теңгені құрайды", - деп түсіндірді министр Біржан Нұрымбетов.
Екінші санат – бұл зейнеткерлер, оларға тұрғын үй сатып алу немесе қымбат ем үшін өзінің зейнетақы жинақтарының 50%-ын пайдалану мүмкіндігі ұсынылады. Осы ретте міндетті шарт – жоғалған табысты 40%-дан төмен емес деңгейде алмастыруды қамтамасыз ететін зейнетақының (базалық, ынтымақты және жинақтаушы) мөлшері болып табылады, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Мұндай зейнеткерлер 119,5 мың адам.
"2020-2024 жылдарға арналған зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту бойынша Жол картасы әзірленуде. Президенттің тапсырмасы бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігі берілетін азаматтар тобын біртіндеп кеңейту жұмыстары жалғастырылады", - деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар, ол жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарналарын енгізу 2023 жылға ауыстырылғанын еске салды.
"БЖЗҚ актуарлық бағалауы бойынша жұмыс берушінің 5%-дық қосымша жарналары (басқа шаралармен бірге) зейнетақы төлемдерін азаматтардың бұрынғы табысының 40%-нан төмен емес өтеу деңгейін қолдауға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, табысы төмен қызметкерлер үшін өзекті", - деді ведомство басшысы.
Жұмыс тобы еңбекке ақы төлеу қорынан әлеуметтік төлемдерді төлеу тетігін жеңілдету, сондай-ақ жұмыс берушілер әлеуметтік төлемдерді төлейтін табысты біріздендіру бойынша ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныс жұмыс берушілер үшін еңбекақы төлеу қорына жалпы жүктемені 41%-дан (2025 жылға жоспарланған) 2029 жылға қарай 35%-ға дейін 5%-дық жарналарды біртіндеп енгізу және әлеуметтік салық ставкасын төмендету есебінен төмендетуге мүмкіндік береді.
"Қазір жұмыс тобы 2020-2024 жылдарға арналған зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту бойынша Жол картасының жобасын келісуде. Аталған іс - шаралардан басқа, жобада ең төменгі кепілдіктер жүйесін одан әрі жетілдіру (ең төменгі зейнетақы мөлшерін анықтау әдістемесін және басқа да әлеуметтік маңызды көрсеткіштерді қоса алғанда) және ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны енгізу бойынша ұсыныстар қарастырылған", - деді министр.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024