Еуразиялық Топ (Eurasian Resources Group, ERG) пен Павлодар облысының әкімдігі арасында 2016 жылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен әріптестік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Меморандум аясында ERG бағыттаған қаражат көлемі өзгеріссіз қалдырылып, 1,750 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.
Аталған келісімге Еуразиялық Топ басқармасының төрағасы Альдияр Казтаев пен Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев қол қойды.
"Еуразиялық топ кәсіпорындарының басым бөлігі Павлодар облысында орналасқан. Бұл қатарда алюминий оксидін өндіру көлемі жағынан әлемде алғашқы ондыққа кіретін «Қазақстан алюминийі», еліміздегі алюминий өндіретін бірден - бір кәсіпорын – «Қазақстан электролиз зауыты», өз саласында тек Қазақстан ғана емес, ТМД аумағында топ бастап тұрған - «Ақсу ферроқорытпа зауыты», елдегі ең ірі электр қуатын өндірушілердің бірі – «Еуразиялық энергетикалық корпорация» және «Павлодар машина жасау зауыты» бар. Оларда қазіргі таңда мыңдаған адам еңбек етеді", - деді іс-шараға қатысқан ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
ERG бағыттаған 1,750 млрд теңге қаражат ең маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Атап айтқанда, Екібастұз бен Ақсу қалаларында мектептер мен балабақшалар жөнделеді, балаларға ойын алаңдары салынады, Павлодар мен Ақсу қаласындағы колледждерге қолдау көрсету ісі жалғасын табады. Ворушин көшесіндегі металлургтер аллеясын қайта қалпына келтіруге де қаражат бөлінеді. Өңірдегі өнер мен мәдениетке қолдау көрсетіледі. Спорт пен дене шынықтыруға қомақты қолдау көрсету көзделген.
Сондай-ақ бұған дейін болған еморандум аясында Павлодар облысының дамуына Еуразиялық Топ 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады.