ЕҚҚДБ «Қазақстандағы кәсіпкер әйелдерге жетекшілік» бағдарламасын іске қосады
16 ақпанда Алматы қаласындағы Artlane мәдени орталығында Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) құрған «Қазақстандағы кәсіпкер әйелдерге жетекшілік» жобасының презентациясы өтті. Ол «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасының аясында жүзеге асады.
Табысты кәсіпкерлер, беделді басқарушылар және кәсіпте жан-жақты тәжірибесі бар бизнес көшбасшылары – жетекші бола алады. Тоғыз ай ішінде ұстаздар Қазақстанның түкпір-түкпірінде кәсібін жүргізіп отырған жас кәсіпкер әйелдерге жан-жақты көмектесетін болады. Кәсіби және жеке құзыреттіліктерін көтеруде, кәсіптегі күрделі сұрақтардың жауабын табуда, іскерлік байланыстарын кеңейтуде ақыл-кеңестерін ұсынады.
«Әйел-кәсіпкерлер үшін тәжірибесінде қолдана алатындай консультация мен тренингтер жоқ. Мәселені шешу үшін ЕҚҚДБ Еуразиялық бизнес мектебімен бірігіп әйелдер бизнесін дамыту және қолдау мақсатында осы жобаны құрды. Жас кәсіпкерлер мен бизнес көшбасшыларының кездесуі менеджмент аумағында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді»,-деп атап өтті ЕҚҚДБ Қазақстан бойынша, шағын-орта бизнесті дамыту және қаржыландыру бағдарламасының менеджері Алма Қасымова.
«Бизнестегі арулар» бағдарламасы 2015 жылдың күзінен бастап іске қосылды. Оны ЕҚҚДБ және Қазақстан Республикасының үкіметі қаржыландырады. Жоба әйелдер басқаратын шағын және орта бизнесті қаржыландыру мен консультация арқылы қолдауға бағытталған. Қазіргі уақытта шағын және орта кәсіпкерлікке 5797 микрокредит бөлініп, 53 консалтингтік жоба іске асырылды.
«Қазақстандағы кәсіпкер әйелдерге жетекшілік» бағдарламасын таныстыру кезінде «Қазақстанның ұлы әйелдері – көшбасшылыққа шақырады» атты бірегей сурет көрмесінің ашылуы өтті. ЕҚҚДБ, Women of Kazakhstan ғылыми-өндірістік бірлестігі және «Хоум Кредит Банкі» өткен ғасырлардағы Қазақстанның көрнекті әйелдерінің портретін қайта жасауды ұйғарды. Оның мақсаты – алматылықтар саясат, өнер, ғылым мен білімдегі көшбасшы әйелдермен танысып, олардың тарихи образдарын есте сақтауға мүмкіндік береді.
Бұл қандай бағдарлама?
Алма Қасымова. ЕҚҚДБ Қазақстан бойынша шағын және орта бизнесті дамыту және қаржыландыру бағдарламасының менеджері
Бүгінгі шара бұл тек бастама. «Бизнестегі арулар» бағдарламасының аясында 2015 жылы күзде басталған. Оны қаржыландырушы ҚР үкіметі және ЕҚҚДБ. Мақсаты кәсіпкер әйелдерді қолдау. Атап айтсақ, қаржыландыру, ақыл-кеңес (консалтингтік жоба), тегін семинарлар, ақылы тренингтер бұрыннан бар. Ал бүгін басталып отырған жаңа бағдарлама – менторлық. Ол не? Тәжірибелі, көптеген жылдар бойы бизнес жүргізіп келе жатқан танымал кәсіпкерлер өз тәжірибесімен, ақыл-кеңесімен бөліседі. Тегін! Біз 28 кәсіпкерді таңдап алдық оларға хабарластық, өз келісімдерін берді. Бұлардың барлығы Қазақстан нарығындағы танымал компаниялардың иелері. Яғни бұлардың айтары бар, бөлісері бар. Бизнесті қалай қарай бағыттау керек, қалай жүру керек, қандай қиыншылықтар бар және одан қалай өту керек деген сияқты сұрақтарға жауап береді.
Елена Федяшина. «Комитет 20» бизнестегі көшбасшы әйелдер ассоцияциясының жетекшісі.
Ментор болу - волонтерлік сияқты. Бағдарламаға қатысқысы келетін менторлар мен ментилер осы бағдарламаға жазылады. Бұл тегін және еркін түрде жүзеге асырылады. Бағдарламаның қалай жұмыс істеп жатқандығын әртүрлі қырынан өлшеуге болады. Алайда бір субъективті көзқарас бар ол - қанағаттану. Сен өз бизнесіңді дамытып қана қоймай, елдің дамуына да үлес қосасын. Бұл керемет – жоба. Біз осындай қаржыландыру орталығымыз болғанына қуаныштымыз. Еуразиялық бизнес мектебіне де алғысымыз шексіз.
Неге әйелдер?
Елена Федящинаның сөзінше, егер мемлекет байлығын өндіруге әйелдер белсенді қатыспаса, ол мемлекет әлемдегі серіктестерінен артта қалып қояды. Әйелдер көшбасшы болу керек. Әлем бойынша қызметкерлердің 40 пайызға жуығы әйелдер. ЖІӨ-нің 50 пайызын әйелдер өндіреді. Кәсіпте нәзік жандылар көп болса, ЖІӨ де өседі. Forbes журналының жазуы бойынша, қазақстандық әйелдер жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын шығарады. Бұл өте жақсы әрі жоғары көрсеткіш. Тек өндіруші ғана емес, негізгі тұтынушы да – әйелдер қауымы.
Статистика бойынша, 2020 жылға таман әйелдердің тұтыну шығыны 28 трлн долларға жетеді. Әйелдерді жан-жақты қолдау мемлекетке де пайдалы. Олар елдің ЖІӨ көбейтуге өз үлестерін қосады. Ал екінші жағынан негізгі клиенттер болып саналады.
Әйелдер жаңа жұмыс орындарын құрады, олар жаңа технологияларды енгізуге бейімделген және өздері де соны зерттейді. Әйелдер әлеуметтік тұрғыдан әлдеқайда жауапты.
Ментор және менти деген кімдер?
Ментор – сенуге болатын, өз білімімен бөлісуге дайын тәжірибелі кәсіпкер. Ментор ол – ұстаз емес, консультант емес, тренер емес, коуч емес. Ментор ол бірінші кезекте - кеңесші. Ол бұл жолдың барлығынан өткен, бизнесте ментиден қарағанда бір сатыда алда. Ол табысты және сәтсіз кезеңдерімен бөліседі, бизнесті жүргізуге шабыттандырады. Ментилерге өз жұмысын жүргізуге көмектеседі. Егер маңызды байланыстар қажет болса таныстырады. Және өзара қатынаста құпиялылық сақталады.
Менти – бизнесте белгілі бір табысқа жеткен жас маман. Ол өзін-өзі дамытуға дайын, жаңа идеяларға ашық, мақсат қоя алатын, жауапты және сын көтере алатын адам. Ментилер кәсіби деңгейдегі өздерін толғантқан сұрақтын жауабын менторлардан сұрап, өзара талқылай алады.
Мерей Мустафина (ментор). Нетворкинг бойынша сарапшы. Global Women Enterpreunership Day Қазақстандағы амбасадоры.
Мен ментор болар кезде қатты уайымдадым. Қазір бұл үлкен тәжірибе болатындығын түсіндім. Сен басқа адамның аяққа тұруына көмектесу арқылы өзің де бір сатыға жоғарылайсын. Бұл екі жаққа да өте қызықты болатындығына және біздің қолымыздан келетіндігіне мен сенімдімін. Ментилерге біріншіден, өз-өзіне сену керек. Екіншіден, бір идея болу қажет. Бірақ ол ойды жүзеге асыру қиын жұмыс. Сол үшін осындай қолдайтын ортаның болғаны өте маңызды. Менти қыздардың өздері де бір-бірлерімен танысып, көмектесулеріне де мүмкіндік бар.
Айнұр Жазылбекова (менти). Джази аксессуарлар брендінің негізін қалаушы.
Бағдарлама мен сияқты көптеген мақсатына қадам басқан қыздарға үлкен қолдау көрсетеді. Арманына қол жеткізу, біздің қоғамға пайда келтіру, жаңа бір нәрсе құру, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту. Мұның барлығы жігерлендіреді. Барлығы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен өзім сияқты жас кәсіпкер қыздарға алға қойған мақсаттарыңнан бас тартпаңдар дегім келеді. Себебі, қазір бизнесті жүзеге асыруға мүмкіндіктер көп. Тоқтамау керек және ең бастысы арманыңа сену керек.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024