Алматы. 23 ақпан. 7kun.kz - Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының үстінен арызданған фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлы өтемақы ретінде 1,5 млн теңге талап етуде.
Сәрсенбек Қызайбекұлының айтуынша, 2014 жылы түсірген суреті былтыр тамыздан бастап Қазақстанның бірнеше аймағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттаушы көрнекілік ретінде іліне бастаған.
«Тамыз айында министрліктің қызметкері менен суретті «Рухани жаңғыруға» байланысты билбордтарға пайдалансақ деп жоспарлап отырмыз. Соған рұқсат бересіз бе, деп сұраған болатын. Мен қаламақысын төлесеңіздер беремін дедім. Ол кезде көп ақша да айтқан жоқпын. 50 мың теңге көлемінде қаламақы төлесеңіздер беремін дедім» - дейді С. Қызайбекұлы.
Ал, министрліктен хабарласқан қызметкер ақша жағы қарастырылмағандығын түсіндіріп, басшыларға жеткізетіндігін айтқан. Алайда, С. Қызайбекұлының айтуынша бұдан кейін министрлік өкілі хабарласпай кеткен.
«Қыркүйек айының ортасына таман менің суретімнің билбордтарда ілініп тұрғаны туралы әріптестерім айтты. Министрлік менің авторлық құқығымды бұзып, суретімді рұқсатсыз пайдаланды. Кейін өзім де дәлел үшін сол билбордтарды суретке түсіріп алдым», - дейді фотограф.
Авторлық құқығын бұзғаны үшін фотограф Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының үстінен арыз түсірген. Осы уақытта дейін соттың 3 отырысы өтті. Енді 4-ші отырыс 26 ақпан күні болады.
Айта кетейік, дауға айналған суретті С.Қызайбекұлы 2014 жылы Алматы облысында өткен «Сонар-2014» құсбегілер байқауында түсірген.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024