Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Франция Қазақстан экономикасына 15 млрд доллардан астам қаржы салды

Франция Қазақстан экономикасына 15 млрд доллардан астам қаржы салды

Алматы. 30 шілде. 7kun.kz – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның экономика және қаржы министрі Бруно Ле Мэрді қабылдады, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Франция арасында сенімді екіжақты ынтымақтастық орнағанын, әсіресе, сауда-экономикалық және саяси салаларда зор мүмкіндіктер барын атап өтті.

«Біз Францияны Еуропа Одағы шеңберіндегі негізгі серіктес ретінде қарастырамыз. ЕО Қазақстанның басты сауда серіктесі болып табылады. Екіжақты сауда көлемі 4,5 миллиард долларға жетті. Ал Франциядан ел экономикасына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 15 миллиард доллардан асты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан француз компанияларының табысты қызметін атап өтіп, Франция министріне елімізде олардың тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.

Б.Ле Мэр Қазақстан Президентіне жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп, Франция мен Қазақстанды көпжылдық өзара тиімді стратегиялық әріптестік байланыстыратынын атап өтті. Францияның экономика және қаржы министрі екі ел арасындағы өзара жемісті іс-қимылдарды барынша арттыруға ниеттестік білдірді.

Соңында Мемлекет басшысы Франция көшбасшысы Эмманюэль Макронға сәлем жолдап, ізгі тілегін білдірді.

Похожие материалы