Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ұйғыр ауданында үш-ақ мәдениет үйі бар, аудан орталығындағы әскери бөлім ғимараты 1968 жылдан бері жөнделмеген

Ұйғыр ауданында үш-ақ мәдениет үйі бар, аудан орталығындағы әскери бөлім ғимараты 1968 жылдан бері жөнделмеген

ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан арнайы жұмыс сапармен Ұйғыр ауданына барды.

Сапар Nur Otan партиясының аудандық филиалында мәслихат депутаттарымен кездесуден басталды. Күн тәртібінде қарастырылған мәселелер: аудандық мәслихат депутаттарының ұсыныс-пікірлері мен депутаттық рейтинг жүйесіндегі жергілікті депутаттардың жалпы жұмыс көрсеткіші мен сапасын талқылау. Шара барысында аудан депутаттары Мәжіліс депутатына аудандағы газ, көмір, жалпы азық-түлік бағасын шарықтатпау, су, жер, экология, медицина мәселелеріне байланысты проблемаларды айтып, оларды шешу үшін Жоғары Үкіметке ұсынуды сұрады.

Мәселен, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Нұрсұлтан Болатұлы үш мәселеге тоқталды.

Бірінші, Ұйғыр ауданының 14 ауыл, 25 елді мекеннен тұратынын, солардың тек үшеуінде ғана мәдениет үйінің бар екендігіне тоқталып, депутатқа ауылдарға тиісті нысанды салуға қолғабыс болуын өтінді. Екінші, ауданда тек бірлі жарым ғана музыкалық аппаратура барын айтып, бұл жайттың мәдени іс-шаралар өткізуге қиындық келтіріп тұрғандығын айтты. Үшінші, коммуналдық төлемақыны техникалық қызметкерлердің де алуын қарастыру. Мәжіліс депутаты аталған мәселелерді шешу үшін Үкіметке ұсыныс жолдайтынын жеткізді.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты Ұйғыр ауданы жұртшылығымен қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау жекелей түрде өтіп, онда ирригация , ауылшаруашылық, тұрғын-үй, жер, білім беру мәлелері көтерілді. Тұрғындар мәселелері оң шешім табуы үшін жоғары билікке жеткізуді өтінді.

Түстен кейін депутат ауданға қарасты Сүмбе ауылына барып, жергілікті аграрлық сектордың өкілдерімен кездесті. Кездесуде жиналған жұртшылық тарапынан көтерілген негізгі мәселе: ауылдық округтерде суармалы жер көлемін ұлғайту және су тапшылығын жою үшін су жиналатын тоспаларды қолға алу мәселесі. Олардың сөзінше, егер тоспалар салынбаса ауданның аграрлық секторы төменге құлдилап, оның соңы үлкен залалға алып келуі мүмкін.

Депутаттың сапары Қырғызсай ауылының тұрғындарымен кездесумен жалғасты. Мұнда көтерілген негізгі мәселе: бұрын жекеменшік иелегіне өтіп кеткен жерлердің халыққа қайтарылуын қарастыру. Мәжіліс депутаты мәселелерді шешу үшін Үкімет талқылауына ұсыныс айтатындығын жеткізді.

Ал екінші күні  Ұйғыр ауданына жұмыс сапарының жергілікті білім беру, денсаулық сақтау саласының мамандары және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуде осы және өзге салалардағы өзекті проблемалар қаузалды. Атап айтқанда, мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, мәдениет, медицина нысандарын тұрғызу, кадр тапшылығы, тіл, жер, су, тоспа тұрғызу мәселелері. Мәселен, орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Айдын Елісбаев, облыс орталығынан 65 шақырым жерде орналасқан 1502 тұрғыны бар Ақтам және Шонжыдан 5 шақырым жерде орналасқан 1763 тұрғыны бар Бахар ауылдары дәрігерлік амбулаторияны қажет екенін айтты.

 
Одан кейін Мәжіліс депутаты ауданның «Жол картасы» аясында Шонжы ауылында салынып жатқан 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Аталған тұрғын үй 1 бөлмелі 15 пәтер, 2 бөлмелі 15, 3 бөлмелі 15 пәтерден тұрады. Қазіргі кезде 1205 адам кезекте тұр. Олардың ішінде 622 аз қамтылған отбасы, 205 көпбалалы отбасы, 271 мемлекеттік қызметкер, 107 жетім бала бар. Бас бригадирдің сөзінше, тұрғын үйдің құрылысы уақытында аяқталады. Жоспар бойынша, 5 қабатты тұрғын үй мамыр айында қолданысқа берілуі тиіс.

Сонымен қатар, Мәжілісінің депутаты аудан орталығында орналасқан 2534 әскери бөлім ғимаратының жағдайымен танысты. Әскерилердің сөзінше, 1968 жылы тұрғызылған әскери нысан қолданысқа берілген күннен бастап қазірге дейін мүлдем күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Атап айтқанда, инженерлік желілерді және терезелерді ауыстыру керек. Өз кезегінде депутат осы мәселелердің дұрыс шешілуіне ықпалдасуға көмектесетіндігін айтып, Жоғары Үкіметке ұсыныс жіберетіндігін жеткізді.

Похожие материалы