Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Бұтақты» визит-орталығы ашылды
28 наурыз, 2026
Суреттерді түсірген Досжан Балабекұлы
Бүгін Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына орай, тұрақты туризмді дамыту және туристік инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде, парк аумағында жаңа «Бұтақты» визит-орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Визит-орталықтың ашылу салтанатына Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев қатысты.
«Визит-орталықтардың отандық туризмді дамытуда маңызы зор. Өйткені аталған орталықтар – саяхатшылардың өңірмен алғашқы байланыс орнататын орны. Орталықтар туристерге жергілікті жерді бағдарлап, ең тиімді бағытты таңдауға, белсенді демалыс пен мәдени іс-шаралар туралы білуге көмектеседі. Осылайша, қонақтарға қолайлы жағдай жасалады. Бұл олардың елімізге қайта оралуына ықпал етеді. Мұнда көлік қатынасы, тамақтану және орналастыру орындары бойынша кеңес алуға, сондай-ақ туристік карталар мен басқа да ақпараттық материалдарды тегін пайдалануға болады. Кеңес қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі. Бұл орталықтың қызметін шетелдік туристер де еркін пайдалана алады. Бүгінде визит-орталықтар Қазақстандағы туризмді жүйелі дамыту құралдарының біріне айналып келеді», – деді Данияр Ғалымұлы.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев
«Бұтақты» визит-орталығы екі бөліктен тұрады: негізгі визит-орталық және кафе ғимараты. Кешенде «Бұтақты» деп аталатын кафе ашылды. Кафенің қызметін жоба серіктесі, белгілі кәсіпкер әрі экоактивист Сергей Спицын басқарады.
Визит-орталықтың инфрақұрылымына заманауи қоғамдық дәретханалар, тамақтану пункті, тимбилдинг және шеберлік сабақтары алаңы кіреді. Сондай-ақ, мектеп, мемлекеттік және жеке топтар үшін ашық ауада білім беру және мәдени бағдарламалар, ұлттық паркке арналған жаңа коллекциядағы сувенирлер мен фирмалық мерч, навигация және брендтеу, табиғи паркке насихат жасауға бағытталған.
Жоба «Туранга Групп» компаниясы мен «Іле Алатауы» Ұлттық паркінің серіктестігімен жүзеге асырылды, оған Алматы қаласы әкімдігінің электр желілерін тарту бойынша қолдау көрсеткен. Сондай-ақ, жобаны іске асыру барысында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті қолдау білдірген.
«Туранга Групп» өкілдерінің айтуынша компания жобаның операторы ретінде, ал QazaqNationalParks компаниясы маркетингтік операторы ретінде қызмет атқарады. Айта кетейік, қазіргі таңда Ұлттық парктерде «Туранга Групп» компаниясы жүзеге асырған, QazaqNationalParks бренді аясында жұмыс істейтін 6 визит-орталық қызмет етеді.
Компанияның бұл бағыттағы жеке инвестицияларының жалпы көлемі 8,5 млрд теңгені құраған. Жобаның аясында 200 тұрақты жұмыс орны құрылды, оның ішінде «Бұтақты» визит-орталығында 20 жаңа жұмыс орны ашылды. 2020–2025 жылдар аралығындағы жалақы қоры 2 млрд теңгені, ал салық түсімдері 700 млн теңгені құрады.
Визит-орталықтардың ашылуынан кейін ұлттық парктердің келушілер саны тұрақты өсім көрсетіп отыр. Атап айтқанда Іле Алатауы ұлттық паркінде 3 есе өсіп, 2019 жылғы 300 000 келушіден 2025 жылы 950 000 келушіге жеткен. Шарын ұлттық паркінде 5 есе өсіп, 2022 жылғы 50 000 келушіден 2025 жылғы 250 000 келушіге жеткен.
Компания алдағы уақытта Үлкен Алматы көліне жаңа визит-орталық салу жұмыстары бастайды. Жобаны әйгілі сәулетші Рикардо Марини, Глазго қаласының бұрынғы сәулетшісі (Шотландия) әзірлеген. Мұндай жаңа инфрақұрылымдардың көптеп іске қосылуы ұлттық парктерге келушілердің қатарын көбейте түседі.
«Ұлттық парк 1996 жылы 8 туристік бағытпен өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде олардың саны 46-ға дейін артып, келушілерге әртүрлі бағыт бойынша сапалы туристік қызмет көрсету мүмкіндігі қалыптасты. «Ең танымал бағыттар қатарында Үлкен Алматы көлі, Аюсай визит орталығы, Ой-Қарағай, Түрген сарқырамалары, Есік көлі, Қаскелең және Ақсай, Бутаковка шатқалдары бар. Аталған нысандар жыл сайын мыңдаған туристі қабылдап, аймақ туризмінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Биыл 30 жылдыққа байланысты 30 іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Қазір Ұлттық табиғи парктің аумағында 94 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жалпы 1,5 млн-ға дейінгі турист қабылдауға дайынбыз. Сонымен қатар алдағы үш жыл ішінде ұлттық парк аумағын кеңейту және туризм саласын дамыту мақсатында тағы 30 жаңа бағыт ашу жоспарлануда. Бұл бастамалар туристік инфрақұрылымды жетілдіруге, экологиялық туризмді дамытуға, келушілерге қолайлы жағдай жасауға және табиғи ортаны сақтай отырып, тұрақты туризм қағидаттарын енгізуге бағытталған»,– деді «Іле Алатауы» МҰТП бас директоры Елнұр Мұхамеджанұлы.