«Инвестицияның жаңа толқыны»: Астанадағы инвестфорум аясында 20-дан астам жобаға қол қойылды
Астана. 26 қазан. 7kun.kz – Мереке қарсаңындағы маңызды шаралардың бірі - Астанадағы инвестициялық форум болды. Kazakhstan Global Investment Roundtable 2022 дәстүрлі жиыны экономиканы дамытудың жаңа көздерін табуға бағытталды. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелі (KGIR-2022) 600-ден астам жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнес өкілдері, инвесторлар мен сарапшылардың басын қосқан, деп хабарлайды 7kun.kz.
Бұл форумның әдеттегі басқосулардан ерекшелігі – экономиканың дамушы секторына шынайы әрі ең қажетті инвестицияларды тарту. Ұйымдастырушылар шараның ресми ашылуынан соң, екі панельдік сессия аясында сарапшылар мен бизнес өкілдерінің негізгі мәселелерді өзара талқылауға мүмкіндік берген. Сессия барысында спикерлер ағымдағы инвестициялық шындықтарды, инвестициялардың жаңа толқынын тарту үшін не істеу қажеттігін, Қазақстанның экспорттық әлеуетін, сондай-ақ еліміздің әлемнің түкпір-түкпірінен келген инвесторлар үшін артықшылықтарын көрсете алды.
ИНВЕСТФОРУМ КҮН ТӘРТІБІНЕ ЕҢ НЕГІЗГІ ЕКІ ТАҚЫРЫП ШЫҚТЫ
Негізгі 2 сессияда, яғни «Тағам және молшылық: АӨК болашағына инвестиция тарту» және «Жаңа экономика: өзге логистикалық шындыққа бейімделу» деген тақырыптар аясында талқылаулар өтті. Грекия Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Георгиос Георгантас, Alstom президенті Эндрю ДеЛеоне, Атамекен ҰКП Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов, INOKS Бас атқарушы директоры және басқарма мүшесі Набил Марк Абдул-Масих, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ирғалиев сөз сөйледі. Ал модераторлыққа Модератор Bloomberg Television және CNN тележурналисті Райан Чилкот шақыртылған.
Ауылшаруашылық саласына қатысты спикерлер геосаяси жағдайдың ықпалын және пандемияның азық-түлік қауіпсіздігіне әсері сұрақтарына тоқталды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) болжамдары бойынша тыңайтқыштарға қолжетімділіктің шектелуі, азық-түлік пен энергия бағасының күрт секіруі жаңа дағдарысқа әкелуі мүмкін. Сарапшылардың пікірі бірауыздан – бұл сынға жауап әлемдік қауымдастық деңгейінде күш-жігер мен ынтымақтастықты үйлестіруге, азық-түлік тәуелсіздігін өзіміздің азық-түлік өндірісі арқылы қамтамасыз етуге көшу болуы мүмкін.
Ал логистика тақырыбына орай «Жаңа экономика: өзге логистикалық шындыққа бейімделу» панельдік сессиясы аясында қатысушылар салада болып жатқан түбегейлі өзгерістерді талқылады. Бүгінгі таңда нарық қатысушыларының алдында қолжетімді бағамен қатар қауіпсіз бағытты табу маңызды міндет болып табылады. Геосаяси өзгерістер мен санкциялық қысым салаға жаңа міндеттер қойып, ауқымды өзгерістерді ынталандырып отыр. Осы және басқа да мәселелер туралы жиынға «Астана» халықаралық қаржы орталығының менеджері Қайрат Келімбетов, ҚР ИИДМ Көлік комитеті Төрағаның орынбасары Қасым Тілепов, «SEMURG INVEST» ЖШС бас директоры Нұржан Марабаев, S Sistem Lojistik Hizmetleri A.Ş. Басқарма төрағасы Хуссейн Барлин, WiLAT төрағасы FlyDubai Қазақстандағы бас менеджері Мария Кузнечевская, WB Deniz төрағасы Грегори Джон Вояк, Skoda көлік стратегиясының директоры Роман Соркин және Adani Group логистика бөлімінің басшысы Сандип Мехта қатысты.
ФОРУМДА ҚАНДАЙ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҚА ҚОЛ ЖЕТТІ?
Инвестфорум аясында сәтті жұмыс істеп отырған инвесторлар да марапатталды. Агроөнеркәсіптік кешендегі үздік инвестициялық жоба номинациясы бойынша «Fruit Art» ЖШС мен «Алтын шығыс» ЖШС форумның марапатына лайық деп танылды. Өзге номинациялар бойынша ірі жұмыс беруші «KamaTyresKZ» ЖШС, Astana Motors және RG Processing компанияларына да жүлделер берілді.
Астана төріндегі инвестфорум аясында 20-дан астам жобаға қол қойылды. Форум қатысушылары жалпы сомасы шамамен $1,5 млрд құрайтын 24 құжатқа қол қойған. Атап айтқанда Ақтөбе облысында «Орхун Медикал» түрік компаниясымен Ядролық медицина орталығын құру, үндістандық Adani Group компаниясының қатысуымен Құрық портының инфрақұрылымын кеңейту, «Alatau Lithium» ЖШС және германиялық HMS Bergbau AG қатысуымен Шығыс Қазақстан облысында литий өндіру және өңдеу бойынша тау-кен байыту зауытының құрылысы салынады.
Сондай-ақ итальялық Eni компаниясымен Астана қаласында жел электр станциясының құрылысын, Польшаның Stokson Modern Bakery компаниясының қатысуымен елордада кондитерлік фабрика құрылысы жүреді. Ал Алматыда Norplast компанияның қатысуымен автокөліктерге арналған резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару, автокресло өндіру жобасы жолға қойылмақ. Соңғысын «Астана Моторс» компаниясы жүзеге асырады.
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ ҚАНША?
Форумға ҚР Премьер министрі Әлихан Смайылов қатысады деп жоспарланған. Бірақ ол Мәжілісте өткен үкімет сағатына байланысты келе алмады, деді Kazakhstan Global Investment Roundtable, KGIR-2022 ұйымдастырушылары. Мәртебелі қонақтарға Үкімет басшысының сәлемдемесін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев жеткізді.
Агенттік төрағасы Әсет Ерғалиев инвестициялар экономикамыздың өсуі мен дамуының іргелі факторы болып қала беретінін және тәуелсіздік жылдары елімізге 400 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салынғанын атап өтті. Оның ішінде тікелей шетелдік инвестициялар 14,5 млрд долларға жетсе, сауда балансы 2,3 есе өсті, ал экспорт 56,5% болған. Ерғалиевтің сөзіне қарағанда 2022 жылдың соңына дейін тауар айналымы 120 млрд АҚШ долларынан асады деп жоспарланып отыр.
Жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел KGIR – бұл өзін мемлекет пен халықаралық инвестициялық қоғамдастық үшін тиімді диалог алаңы ретінде танытқан Қазақстандағы жыл сайынғы негізгі инвестициялық іс-шара. Ұйымдастырушылар бұл шараны инвестицияның жаңа толқыны және бизнеске берілген жаңа мүмкіндіктердің қайнар көзі деп атап отыр.
Ришат Асқарбекұлы, Астана
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024