Инвестордың алдында бизнес-жоспарды қорғау - бұл қысқа уақыт ішінде инвесторды сіздің жобаңызға қаражат құюға көндіруге бағытталған жоба таныстырылымы. 7kun.kz назарларыңызға инвестор немесе инвесторлардың алдында жоба қорғау сәтті өтуіне себептесетін кеңестерді ұсынады.
Жобаны таныстыру
Жобаны сәтті қорғау үшін алдымен инвесторлар үшін таратып беретін материалыңыз дайын болсын. Бұл материалда жобаның түйіндемесі (қысқаша шолу), яғни жобаны сипаттап беретін мәтін және кесте түріндегі жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіштері болуы тиіс. Жобаны таныстырып бастағанда алдымен өзіңіздің кім екеніңізді және неліктен дәл осы жобаны (идеяны) іске асыруға шешім қабылдағаныңызды айтыңыз. Жобаңызға қысқаша сипаттама беріңіз. Бастысы тіліңіз жеңіл, сөздеріңіз қысқа, түсінікті болсын. Ұзақ сөйлемдер мен күрделі терминдерді пайдаланбаған жөн. Сіздің өніміңіз/қызметіңіз сұранысқа ие болатынын дәлелдеңіз. Қазіргі уақытта нарықта бар ұқсас тауарлармен/қызметтермен салыстырғанда артықшылықтары мен кемшіліктерін атап өтіңіз. Сіздің тұтынушыларыңыз кім, бәсекелестеріңіз кім? Келешекте қандай іс-шараларды іске асырмақсыз? Осы жайында айта кетіңіз. Сіздің жобаңыздың қаржыландыру көздерін, оның тиімділігін ашып көрсететін экономикалық көрсеткіштерді атап өтіңіз. Қорытындылай келе, идеяңыз неліктен іске асады деп есептейсіз? Осыны толыққанды түсіндіріп беріңіз.Уақыт
Әдетте жобаны қорғауға белгілі бір уақыт бөлінеді. Көп жағдайда ол 5-10 минут уақыт алады. Сондықтан сіз сөзіңізді белгіленген уақытқа ыңғайлап алуыңыз керек. Үйде қолыңызға таймерді алыңыз. Әрбір сөзіңіз нақты, сенімді айтылуын қадағалаңыз. Бөлінген уақыт шеңберінен асып түспеу үшін жаттығыңыз. Ең маңызды нәрселер әдетте презентацияның соңында айтылады. Осы сөздер айтылмай қалып, өкінінбес үшін - жаттығыңыз, жаттығыңыз және жаттығыңыз.Презентация
Таныстыратын слайдтарыңызда ауқымды мәтін болмасын. Адамдар суреттерді қарайды, ал мәтінді оқымайды. Оқыса, 3-4 сөзді ғана оқиды. Слайдқа түйіндеуші тезистерді үлкен шрифтпен жазыңыз. Қосымша ақпардың барлығын ауызша жеткізесіз. Ешқандай әдеби көркем не болмаса ғылыми сөздердің қажеті жоқ. Телеграмма жазып отырғандай сезініңіз: әрбір сөзіңіз -5000 теңге, әр әрпіңіз - 500 теңге, әр жолыңыз - 50 000 теңге. Неғұрлым аз сөз болса, соғұрлым жақсы. Тағы бір айта кететін маңызды жайт, слайдтан оқымаңыз. Слайд сіз үшін емес, инвесторлар үшін. Солар оқысын. Сіз слайдқа бір қарап, не туралы айту керектігін түсінсеңіз болғаны. Слайд сіздің әңгімеңізді толықтырып тұрады. Бұған қоса, слайдтан оқығанда, аудиториямен байланыс, сөзіңізде сезім болмайды.Сөйлеу
Әңгімеңіз бір сарынды болмасын. Интонация қосыңыз. Сөз арасында пауза жасап, маңызды ақпаратқа екпін беріп отырыңыз. Сондай-ақ жобаңызды барынша қарапайым, түсінікті тілде жеткізіңіз. Бұл сіздің жобаңыз (идеяңыз). Сіз оны бүге-шүгесіне дейін білесіз. Ал қарсы алдыңыздағы адамдар одан бейхабар. Сондықтан презентацияңызды оларға ыңғайлап жасаңыз. Жобаны таныстырғанда баяндамаңыз әңгіме сияқты өрбісін. Алдарыңызда достарыңыз отырғандай сезініңіз. Орынды қалжың айтылса, тіпті жақсы. Сәтті жобалар сәтті қорғалсын! Дайындаған Алмас Өтебай "7"Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024