Алматы. 16 маусым. 7kun.kz - Ипотекалық несие алу мүмкіндігінің шектелуі және аталған несиелердің талаптарының қатаңдауы қазақстандық жылжымайтын тұрғын үй нарығындағы бағалардың бұдан әрі арзандауына себеп болуы мүмкін деп санайды Homsters.kz сарапшылары.
Қазақстандық банктер ипотекалық несиелендіру көлемін қысқартып, үй сатып алуға арналған несие бағдарламаларының талап-шарттарын қатаңдатып жатыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметтеріне және отандық банктердің есептеріне сәйкес, аталған сегменттегі 10 көшбасшы банктің ипотекалық несие қоржыны 2015 жылы бар болғаны 11%-ға өскен. 2014 жылы аталған көрсеткіш 26%-ды құраған еді. Ranking.kz агенттігінің есебі бойынша, 2014 жылдың үшінші тоқсанында банктердің ипотекалық қоржыны өсімін тоқтатқан, ал 2016 жылдың бірінші тоқсанындағы үй сатып алуға арналған несие көлемі соңғы бес жыл ішіндегі ең төмен деңгейге түскен.
Homsters.kz сарапшыларының пікірінше, ипотекалық нарық көрсеткіштерінің мұндай динамикасы жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай мен макроэкономикалық көрсеткіштерге кері жауап ретінде қалыптасып отыр. «Теңгемен көрсетілген үй бағасының қымбаттауына және керісінше халықтың пәтер сатып алу мүмкіндігінің төмендеп кетуіне алып келген 2014-2015 жылдардағы ұлттық валютаның айтарлықтай жоғары девальвацияға ұшырауы Қазақстанда ипотекалық несиелерге деген сұраныстың азаю трендін туғызды», - деп атап өтті Homsters.kz қазақстандық өкілдігінің басшысы Олеся Мельникова. Оның сөзіне қарағанда, ұзақмерзімді перспективадағы несие алушылардың табысы тұрақты болады деген сенімнің азаюына байланысты банктер ипотекалық несиелерге сақтықпен қарай бастаған.
Homsters.kz өкілдері банк несиелеріне қол жеткізу мүмкіндігінің шектелуі үй бағасының арзандауына тағы бір себеп болуы мүмкін деп санайды. Алайда бұл фактордан жаңа үйлер бағасы үлкен зиян шеге қоймайды. «Жаңадан үй салып, саудаға шығарғандар түрлі акциялар және клиенттерге арналған бөліп төлеу бағдарламаларының көмегімен сұраныс деңгейін ұстап отыр», - деп атап өтті Олеся Мельникова. Оның сөзіне қарағанда, әдетте мұндай бөліп төлеу шарттары банк ипотекасына қарағанда тиімдірек болып келеді: сатушы банкке қарағанда төмен пайыздық мөлшерлеме ұсынады және уақытынан бұрын несие жапқанда айыппұл салмайды.
Ал қайталама тұрғын үй нарығындағы бағалар ипотекалық несие толық тоқтаған жағдайда мүлдем төмендеп кетуі мүмкін. Себебі нарықтың бұл сегментінде үй сатып алуды қаржыландырудың ипотекадан басқа балама схемасы жоқ. «Алайда қазір алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Ірі банктер қарыз алушыларға қойылатын талаптарды күшейтіп жатқанымен, ипотекалық бағдарламаларды толық тоқтатпайды», - дейді Олеся Мельникова. Сонымен қатар, сарапшының сөзіне қарағанда, Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2020 жылға дейін Аймақтарды дамыту бағдарламасының аясында мемлекет қолдауына ие болып, ипотекалық несиелендіру нарығындағы өз үлесін арттыруда. Ranking.kz мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ипотека нарығының 30%-дан астам көлемін бақылайды. Бір жыл бұрын ипотекалық несиелердің жиынтық қоржынындағы банк үлесі 28%-ға тең болған еді.