Алматы. 24 желтоқсан. 7kun.kz — ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға ластаушы заттардың нақты эмиссиясы 2,5 млн тоннаны, ал олардың жыл сайынғы өсімі — 100 мың тоннаны құрады. Бұл туралы үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев айтты.
Оның сөзінше, электр энергетикасы (көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС) шығарындылардың 940 мың тоннасын, тау-кен және металлургия секторы - 760 мың тонна, мұнай өндіру - 520 мың тонна, көлік және ауыл шаруашылығы - 320 мың тонна құрайды.
"Өңірлердегі шығарындылардың негізгі үлесі, бұл шамамен 56%, Қарағанды және Павлодар облыстарына тиесілі. Егер тиісті шаралар қабылдамаса, 2030 жылы ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаны құрайды", - деді министр.
Сонымен қатар, ол еліміздің Париж келісімі бойынша 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай парниктік газдардың шығарындыларын 15%-ға қысқарту бойынша міндеттемені өз мойнына алғанын еске салды. Дегенмен, Мырзағалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстандағы парниктік газдардың шығарындылары көрсетілген деңгейден жоғары. Сондай-ақ, экономиканың өсуін ескерсек, онда парниктік газдар шығарындылары да өседі.
"Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша қажетті шараларды қабылдау үшін министрлік неміс тарапының қолдауымен 2050 жылға дейін төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуге кірісті (Париж келісімінің 4-бабы 19-тармағының талабы)", - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Министр шаралардың бірі экологиялық бақылауды күшейту және әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін ұлғайту болатынын атап өтті. Ілеспе заң жобасында Кәсіпкерлік кодекске халықтың тұрмыс жағдайына тікелей әсер ететін фактілерді тексеру тұрғысынан өзгерістер енгізу ұсынылады. Бұл өзгерістер қоршаған ортаға теріс әсер ету фактілеріне жедел ден қоюға бағытталған.
"Мысал ретінде, бес тәулікке Алакөл көліне ағынды суларды рұқсатсыз төгуге, Жайық өзеніне балықтардың жаппай өлуіне байланысты он бір тәулікке тыйым салынған екі фактіні келтіргім келеді. Әкімшілік айыппұлдарды 10 есеге арттыру арқылы экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіліп отыр", - деді ол.
Тағы бір үлкен проблема - қатты қалдықтарды қайта өңдеудің төмен деңгейі: тек 14% өңделеді. Төмен тарифтерге байланысты сала инвесторлар үшін тартымды емес.
"Қалдықтарды жағу кезінде алынатын электр энергиясын сатуды қарастыратын Waste to Energy тетігін енгізу ұсынылады. Бұл ретте еуропалық директиваларға ұқсас шығарындылардың сапасына қатаң талаптар қойылады. Бұл механизм 2025 жылға дейін қалдықтар көлемін 30%-ға дейін қысқартуға және жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді", - деп есептейді экология министрлігінің басшысы.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024