Экономика
Выбор редактора
Kaspi Bank акционерлері жаңа холдинг құрды
Kaspi Bank акционерлері «Kaspi» АҚ деп аталатын жаңа холдинг құрды. Бұл туралы Kaspi Bank-тің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа акционерлік қоғамға Ұлттық банк банктік холдинг дәрежесін алуға келісім берген. «Kaspi» акционерлік қоғамы Kaspi Bank акцияларының 90% жанама иесі болады.
«Kaspi» АҚ холдингінің акционерлері мен инвесторлары болып Вячеслав Ким, Қайрат Сатыбалдыұлы, Михаил Ломтадзе және Бэринг Восток Кэпитал Партнерс халықаралық инвестициялық компаниясының басқаруындағы қорлар табылады.
«Біз жаңа Kaspi холдингін құрдық. Холдингте екі жаңа акционер – менің ұзақ жылдардан бергі досым, серіктесім Қайрат Сатыбалдыұлы және 10 жылдан бері бизнес қалыптастырудағы серіктесім, Kaspi Bank-тің басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе. Қазіргі кезде Kaspi Bank холдингтің негізгі активі болып табылады және біз серіктестерімізбен бірге қызықты, инновациялық жаңа жобаларға инвестиция салуды жоспарлап отырмыз»,-дейді Kaspi Bank директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким.
Михаил Ломтадзе, Kaspi Bank-тің Басқарма төрағасы: «Біз болашақтың жаңа технологиялар мен инновацияларда екеніне сенеміз. Қазіргі кезде біз Kolesa.kz, Алсеко және Kaspi Bank сияқты компаниялардың акционеріміз. Біздің жоспарымызда ары қарай біздің өмірімізді жеңілдететін, инновациялық және технологиялық компаниялардың дамуы үшін инвестиция салу бар».
Майк Калви, Бэринг Восток Кэпитал Партнерс-тің басқарушы серіктесі: «Біз жаңа акционерлер мен серіктестерді, Михаил Ломтадзе мен Қайрат Сатыбалдыұлын қарсы аламыз. Бұл бізге банкте немесе одан тыс жердегі біздің инновациялық қызметтерді дамытуға бағытталған ұзақ мерізімді стратегиямызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Біздің жоспарларымызды табысты жүзеге асыру үшін үлкен мүмкіндіктеріміз бен тәжірибеміз бар».
Қазіргі кезде Қайрат Сатыбалдыұлы мен Михаил Ломтадзенің үлесі 10%-дан төмен. Жақын арада екі акционер де ірі қатысушы мәртебесін алуды және 10% астам үлеске ие болуды жоспарлауда.