Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge 2026 аясында өткен Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу рәсіміне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge 2026 аясында өткен Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу рәсіміне қатысты

AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында Астанада жасанды интеллекттің көмегімен жасалған фильмдердің бірінші халықаралық Astana AI Film Festival (AAIFF) кинофестивалінің ресми ашылуы өтті. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Байқауға әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түсті.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы жасанды интеллекттің дамуы технологиялық индустрия шеңберінен әлдеқашан шығып кеткенін және креативті контент жасау тәсілдерін өзгертіп жатқанын атап өтті.

Astana AI Film Festival — бұл өз шығармашылық қабілеттері мен таланттарын бастамашыл, білімді, жаңашыл ойлайтын және жасампаз азаматтар көрсететін бірегей, баламасы жоқ жоба. Бұл — бір жағынан өткір ойлар мен батыл бастамалардың сайысы. Заманауи дәуір — білім, ғылым және инновация заманы. Жасанды интеллект әлемдік экономиканың барлық саласына түбегейлі өзгерістер әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, технологиялық прогресс шынымен де жаһандық ауқымға ие болды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент жасанды интеллект мүмкіндіктері мен оны қолдану үшін жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікке жеке назар аударды. Оның айтуынша, технологиялардың дамуы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жасанды интеллекттің шығармашылық әлеуетін ашуға бірдей мүмкіндік беретін ортақ ережелерді талап етеді. 

«Біз болашақ технологияларының орасан зор шығармашылық әлеуетін ашу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Кино саласындағы жасанды интеллект фестивалінің басты идеясы да дәл осында жатыр», — деп атап өтті Президент. 


Фестивальдің маңызды бағыттарының бірі — жасанды интеллекттің кино түсіру үдерісін қалай өзгертіп жатқанына арналды. Заманауи құралдар шағын ұжымдарға бұрын тек ауқымды киностудиялардың күшімен ғана жүзеге асатын жобаларды қолға алуға жол ашып отыр.

«Жасанды интеллект Жаратушының ұшқынын алмастыра алмайды, бірақ өмірін шығармашылықпен байланыстырған әрбір адам үшін қажетті құралға айнала алады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


AAIFF халықаралық ауқымы қатысушылардың географиясынан көрінеді.
АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия және Франция бастаған 125 елден 8 мыңнан астам өтінім түсті.

Ашылу рәсімінде сондай-ақ Astana AI Film Festival негізін қалаушы Алмас Жәли, Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, фестиваль қатысушысы Джамин Таскер және AAIFF халықаралық қазылар алқасының төрағасы Одри Азуле сөз сөйледі.

Astana AI Film Festival AI & Digital Bridge 2026 креативті бағдарламасының бір бөлігіне айналып, форумның технологиялық күн тәртібін кино және креативті индустрияларда жасанды интеллектті қолдану тақырыбымен кеңейтті. Фестиваль технологиялар мен шығармашылықты біріктіріп, генеративті жасанды интеллект көмегімен контент жасай алатын авторлар үшін жаңа алаң ашады.

AI & Digital Bridge 2026 форумы туралы

AI & Digital Bridge 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр. Форумның басты позициясы — Kazakhstan is the Eurasian AI Hub.

Ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі.

Хедлайнерлері – Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, Higgsfield AI компаниясының негізін бірлесіп қалаушы әрі бас директоры Алекс Машрабов және Crimson Education компаниясының негізін бірлесіп қалаушы әрі бас директоры Джейми Битон.

AI & Digital Bridge 2026 форумын ұйымдастыру жұмыстары серіктестер мен демеушілердің қолдауы арқасында жүзеге асты. Форумды өткізудің барлық шығындары демеушілік қаражат есебінен өтеледі.

Алтын серіктестер — Freedom Банкі, Kaspi Bank, «Самрук-Қазына» АҚ және «Қазахтелеком» АҚ. Күміс серіктес — Halyk Bank. Бизнес-серіктес — Beeline Қазақстан. Қола серіктес — Yandex Qazaqstan. Телеком-серіктес — «Freedom Telecom Operations» ЖШС. Технологиялық серіктестер — «Транстелеком» АҚ, ресми әуе серіктесі (Official Airline Partner) — Air Astana.

Ұқсас материалдар