Алматы. 27 тамыз. 7kun.kz - 25 тамызда «Эксимбанк Қазақстан» АҚ директорлар кеңесінің төрт бірдей мүшесі өз еріктерімен қызметтен кетті. Бұл туралы банктен KASE-ге хабарлаған.
Александр Клебанов енді директорлар кеңесін басқармайды. Сергей Кан, Валерия Ким и Ренат Турмагамбетов банктің директорлар кеңесіне мүше емес. Бұл директорлар кеңесінің өкілеті 2017 жылдың 13 қарашасында басталған. 2020 жылдың 12 қарашасына дейін жалғасуы тиіс еді. Айта кетейік 18 шілде күні банктің директорлар кеңесінен Бақытжан Мұхамедов өз еркімен кеткен болатын. Мұхамедов директорлар кеңесіне 26 сәуір күні мүше болған еді. Бірақ келуінен кетуі тез болды. Forbes таратқан ақпаратқа сүйенсек қыркүйекте басқарма төрағасы Дмитрий Прихожан мен басқарма мүшелері Татьяна Кривцова, Алтынай Жақсымбетова да өз еріктерімен қызметтен кетпек. Әзірше директорлар кеңесіндегі кетумен аяқталып тұрған оқиғалар бұл банктің жағдайы "мәз емес" дегенді меңзейді. "Даудың басы Дайрабайдың сиыры" демекші бұл банктегі жағдайдың шатқаяқтауы көктемде басталды. Сәуірде Президент Н.Назарбаев «көрсеткіштері қорқынышты» деп атаған Qazaq Banki, Астана банкінің қатарында осы Эксимбанк те бар. -Бұл банктердің жағымсыз көрсеткішке ие болуына себеп - акционерлері тиімсіз басқарған, қарыздарын ұлғайтып, салымшылары алдында өз міндеттелемелерін орындай алмады. Бұл жағдайдан қалай шығуға болады? Бұл банктерді сақтап қалу үшін, бұрын банктен шығарып кеткен ақшаны қайтару үшін акционерлер жеке қаражаттарын салуы тиіс, - деген еді Н.Назарбаев. Бұдан кейін, 23 мамырда банктің экс-төрағасы, елдегі 50 бай адамның тізіміндегі Еркін Әмірханов коммерциялық сипатта пара бергені үшін қамауға алынды. Құқық қорғау органдары оған қатысты тергеу ісі 3 мамырда басталғанын хабарлады. Тергеу ісі әлі жалғасып жатқан сияқты, ұсталған сәттен бері бұл іске қатысты еш ақпарат жоқ. Әмірханов банктің экс-төрағасы болуымен қатар Орталық-Азиялық отын-энергетикалық компаниясы арқылы жанама акционері саналады. Бұл компания Эксимбанктің негізгі "иесі". Электроэнергетика, қаржы, химиялық секторда қызмет көрсететін бірнеше компанияның басын қосқан бұл холдингтің иелерінің қатарында Еркін Әмірханов, жоғарыда аты аталған Сергей Кан мен Александр Клебанов, Валерия Ким бар. Валерия Ким Орталық-Азиялық отын-энергетикалық компаниясының бас директоры. Алайда Ренат Тұрмағамбетов екеуі банк акциясын иеленбеген. Бұдан кейін, 29 мамыр күні ҚР Ұлттық банкі Эксимбанктің жеке тұлғаларға депозит ашу, жеке есеп-шот ашуға рұқсат беретін лицензиясын 29 тамызға дейін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұдан кейін банктің 2018 жылдың қаңтар-маусым айларындағы таза табысы 12% немесе 40,6 млн теңгеге азайғаны туралы ақпарат тарады. І тоқсандағы банктің қаржылық есебінде банк активтері 28,2 млрд теңгеге азайған, тек капиталы 14,1 млрд теңге көлемінде өзгеріссіз қалған. Екі күн бұрын Эксимбанктің құнды қағаздары KASE-нің ресми тізімінен алынып тасталды. Қор биржасы мұны "банк маусым айында облигациялар үшін сыйақы төлеу төлеу бойынша дефолт жасағанын және құнды қағаздарын «буферлік» санатына ауыстыруға негіз кемшіліктерді жою үшін жоспар ұсынбағаны үшін", деп түсіндірді. 18 тамызда банктердің «БЖЗҚ»-ға қарызы туралы тараған ақпаратта бес қазақстандық банктің қомақты қаржыны әлі қайтармағаны туралы айтылады. Оның ішінде Qazaq банк - 10 млрд, Делта банк - 9 млрд, Банк Астана – 7,5 млрд, Қазинвестбанк – 6,4 млрд сондай-ақ, ең ірі қарыз Эксимбанкте – 15,5 млрд теңге қарыз. Байқағаныңыздай Эксимбанктің жағдайы мәз емес. Әдетте қазақстандық банктердің тәжірибесі көрсеткендей мұндайда 2 жол бар. Бірі – соңғы 2 жылда Ұлттық банк жүзеге асырып отырған – бірігу, таратуға мойынсұну. Айтпақшы, бүгін Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова Forbes-ке берген сұхбатында «банктердің бірігуі, жабылуы биыл және алдағы уақытта жалғасады», деді. -Банк бизнесі – капиталды қатты қажет етеді. Капитал бойынша талап Ұлттық банк тарапынан ғана емес, «Базель» бойынша да, қаржылық есептің халықаралық стандарттары бойынша да талап күшейіп келеді. Банктердің барлығының бұл талаптар бойынша капиталды таза пайдадан немесе акционерлер арқылы қалыптастыруға мүмкіндігі болмайды. Сәйкесінше бірігу процессі жүруде, -деді Ү.Шаяхметова. Бірігулер туралы 2 тоқсандағы қазақстандық банктердің «жағдайына» шолу жасаған Fitch Ratings те айтады. Мұнда біз айтып отырған Эксимбанкті де атап өтеді. «Ұлттық банк лицензиясын тоқтатқан үш шағын банктің (Банк Астана, Эксимбанк, Qazaq Banki) капитал жетіспеушілігі әлі шешілген жоқ. Бұл банктердің бірігуіне ықпал етуі мүмкін», - делінген шолуда. Акционерлері өз еріктерімен «тұра қашып», басшылары мәнсаптан бас тартқан банк бұл жолды таңдай ма білмейміз. 14 қыркүйекте банк акционерлерінің кезектен тыс жиыны өтпек, сол жиында банктің жаңа басшылары сайланады деп жоспарланған. Екінші жол банк осы жиында басшылығы өзгеріп, күрделі проблемаларды шешуге кіріседі... Бірақ, банктерді біріктіріп, ірілендіру күн тәртібінде тұрғанда бұл қаншалықты мүмкін екен?Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024