Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 22,3%-ға өскен.
Алматы. 29 желтоқсан. 7kun.kz – Үкіметте 2022 жылы бұрын-соңды болмаған бағаның өсуін тежеу үшін қандай шаралар қабылданғанын айтылды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Қарашадағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 22,3%-ға өскен.
Сыртқы экономикалық келеңсіз факторлардың салдары енді сезіле бастаған көктемнің басында Үкімет қажетті жедел шараларды қабылдады. Атап айтқанда, өңірлерге бағаны ұстап тұрудың неғұрлым тиімді нарықтық тетіктерінің бірі – «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін жеткізу міндеттелді.
«Айналым схемасы» – азық-түлік өндірушілері мен сауда объектілеріне жеңілдікпен несие беру. Есесіне олар тауарларды белгіленген бағамен сатуы керек болады. Талдау нәтижелері маусымаралық кезеңде «айналым схемасына» қатысушы сауда объектілеріндегі өнімдердің бағасы нарықтағы орташа деңгейден төмен екенін көрсетті.
Бұдан басқа, барлық өңірде делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі арнайы комиссиялар құрылды, рұқсат етілген 15 пайыздық сауда үстемесін бақылау үшін дүкендер мен ірі объектілерге мониторинг басталды, нарықта монополияға қарсы белсенді іс-қимылдар жүргізілді.
Тамыз айында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырды. Олар нарықтық механизмдерге сай келіп, қымбатшылықтың салдарымен емес, себебімен күресуге бағытталды. Осы кезеңнен бастап бағаны ұстап тұрудың тиімділігін арттыру үшін негізгі мемлекеттік тетіктерді қайта форматтау басталды. Атап айтқанда, ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толықтыру үшін «айналым схемасы» бойынша қаржыландыруды сауда желілерін емес, өндірушілерді қолдауға бағыттау туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар делдалдық схемаларды зерттеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта құрылды, өйткені дәл осы ұзын-сонар делдалдар тізбегі бөлшек саудадағы өнімдер бағасының кейде 60%-ға дейін өсуіне себепші болып отыр.
Оған қоса, Сауда және интеграция министрлігіне бақылау функцияларын беру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілді, ал бизнеспен өндірушілердің құқықтарына нұқсан келтірмейтіндей етіп, бөлшек саудадағы бағаларды бекіту ережелері келісілді.
Бұл жұмыс, соның ішінде жаңа заманауи көкөніс қоймаларын салу, алдағы егіннің көкөністері мен жемістерін жеткізуге келісім-шарт жасау, ішкі нарықты импорттық өнімнің демпингінен қорғау бойынша жұмыстар келесі жылы жалғасын табады.