Алматы. 14 наурыз. 7kun.kz – Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру мақсатымен өңірлерге сапарларды жалғастыру аясында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова және бірқатар министрлер Батыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті.
Облыс жұртшылығымен кездесу барысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары талқыланды. Г. Әбдіқалықова азаматтарды халықтың әл-ауқатын жақсарту мен табысын өсіру, сондай-ақ халықтың мұқтаж санаттары үшін мемлекеттік қолдау шараларын күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
«Үкімет мүшелері түсіндіру жұмыстарын батыс өңірлерден бастады. Кеше Атырау облысында болсақ, бүгін Батыс Қазақстанға келіп отырмыз. Біздің басты мақсатымыз -тұрғындарға түсіндірумен қатар жергілікті жерде мәселе болса, соны қарастыру, шешу. Басты өзгерістерді үш топқа бөліп айтсақ, соның біріншісі - ең көмекке мұқтаж, көпбалалы отбасыларға қолұшын беру. Сонымен қатар ең төменгі айлық табысы бар азаматтарды қолдау ерекше маңызды. Соның ішінде бюджеттік салада жұмыс жасайтын қызметкерлер де бар. Екіншіден, баспанамен қамтуды жақсарту, сондай-ақ медициналық, білім беру қызметтерінің сапасын көтеру. Үшінші, өңірлерді дамыту. Бұған жергілікті жерлерде жол салу, ауыз сумен, электр қуатымен қамту мәселелері кіреді. Біз осы мәселелерді толық түсіндіре отырып, халықтың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, жергілікті жерлерде оларға қызметтің қалай көрсетіліп жатқанымен танысамыз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Бұдан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов және «Nur Otan» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев Елбасы тапсырмасына сәйкес өз салалары бойынша атқарылатын жұмыс барысына тоқталды.
Кездесу соңында вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, жергілікті тұрғындарды, оның ішінде аз қамтылған отбасыларды толғандыратын мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрі бастаған жұмыс тобы сапар барысында Оралдағы «Смарт Орал» халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту орталығы мен зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының бөлімшесінде болып, олардың қызметімен танысты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024