Елбасы бес әлеуметтік бастамада атап көрсеткен бесінші тармақтың көздегені «елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» болатын. Өйткені газ мәселесі қашан да өзекті.
Статистикаға сүйенсек соңғы бес жылда еліміздің 3 млн тұрғыны газды қолдану мүмкіндігіне ие болып, өңірлерді газдандыру 30%-дан 48%-ға өскен. Еліміздің тоғыз аймағы газбен қамтылған. Десе де бүкіл аймақтарды газбен қамтамасыз ету – алға қойылған үлкен міндет. Бұл мақсаттарға жету жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Зер салып көрейік.
Елбасы үндеуде тәуелсіздік алғалы бері еліміз газ өндіруді 8-ден 52 миллиард текше метрге арттырып, соның арқасында ел тұрғындарының 50 пайызы газ тұтынып отырғанына баса мән берді.
Бұдан халқымыздың әлі тең жартысының отын мен көмір жағып отырғанын аңғаруға болады. Еліміздің өзге облыстарын айтпағанның өзінде, Астанада әлі күнге газ жоқ. Көмірдің кесірінен қала қыс бойы көк түтінге тұншығады. Тіпті, Қазгидромет 2016 жылы бас қаланы ауаның ластану деңгейі бойынша «төртікке» енгізгені де жайдан жай болған жоқ. Бұған көліктерден шығатын түтінді де қосып қойыңыз. Мемлекет басшысының өзі үндеуде «газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады» деп мәселенің өзектілігін айтқан еді. Осы орайда биыл елордада «Тельман» екінші қайта газдандыру станциясы іске қосылуға тиіс. Ол Астананың «Пригородный», «Тельман» тұрғын үй алаптарына, жеке секторларға және «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы халықаралық әуежайды газбен қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Осы уақытқа дейін Тұран даңғылының бойына регазификациялаушы станция салынған болатын. Сол арқылы қазір Назарбаев университетіне, қорғаныс министрлігінің академиясына, ғарыш орталығына газ жеткізіліп отыр. Жоспарға сәйкес, жыл аяғына дейін «Барыс Арена», «Алау» спорт кешендері газбен қамтамасыз етілмек. Астана қаласы әкімдігі алдағы уақытта ЖЭО- 1,2,3 су жылытатын қазандықтары газбен жылытылатынын, бұл үшін автоматтандырылған станция орнатылатынын айтқан болатын. 2019 жылы әкімдік 12 млрд теңге бөлмек.
Бүгінге дейін Қазақстанды газдандыруға қатысты түрлі жобалар болды. Өкініштісі, олар жүзеге аспай, ізім-ғайым жоғалып кетті. Тізіп берейік.
Президент орталық аймақтарды газбен қамтамасыз ету қажеттігі жайында 2012 жылы айтқан болатын. Берілген тапсырманы орындауға белсене кіріскен Үкімет сол кезде газ нүктесін Қостанайдан тауып, ол үшін «Қарталы –Тобыл – Көкшетау – Астана» газ құбырының жобасын ұсынған. Ал 2013 жылы іске қосылуы керек бұл жоба басталмай жатып, аяқсыз қалды. Осыдан кейін газ кенішін Қарағандыдан «іздеу» мәселесі алға қойылды. «ҚазТрансГаз» Қарағанды көмір бассейнінен метан алып, одан газ өндіреміз деп тіпті LeMarCAInc компаниясымен келісімшартқа да отырды. Бірақ, бұл жоба да жүзеге аспады. Бұдан кейін тағы да ұмтылыстар жасалды. 2017 жылы қараша айында Энергетика министрлігі «Астанаға газ жеткізу» жобасы туралы сөз қозғады. Ол үшін «Бозой – Бейнеу – Шымкент» газ құбыры желісін Сарыарқа құбыр желісімен жалғастыру керек делінді. Өкінішке орай, бұл мәселе де сөз жүзінде қалды. Елбасы Үндеуі жүзеге аспай қала беретін осы жобаларға нүкте қойды. Мемлекет басшысы Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытындағы магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыру керектігін тапсырды. Елбасы «бұл жоба 2,7 миллион адамды газбен қамтиды, сәйкесінше шағын және орта бизнеске де жаңаша дем береді», -деді.
Қараөзек мәселені қалай шешіп отыр?
Қараөзек бүгіндері мемлекеттік аса маңызды кенішке айналып отыр. Елбасының өзі оның маңыздылығын атап айтып жүр. Орталық Қазақстан мен Астананы газбен қамтитын Қараөзектің маңызы зор. 2017 жылдың 3 шілдесінде іске қосылған «Қараөзек» компрессорлық стансасы елдегі газ проблемасын шешіп, экспорттың да қарқынын арттыратыны сөзсіз. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев станса тәулігіне 43,5 млн текше метр газ айдайтынын, бұл көрсеткіш оңтүстік пен солтүстік және орталық өңірлерді де газбен қамтуға мүмкіндік беретінін баса айтқан болатын. Станса газ айдаушы агрегаттармен, күрделі режимде пайдалануға арналған соңғы үлгідегі қосымша құралдармен жабдықталған. Оның мүмкіндігі «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырының өткізгіштік қабілетін 10 млрд текше метрге дейін ұлғайтады.
«ҚазТрансГаз» АҚ құбырды Астанаға дейін жеткізу процесін бір жылда атқарып шығуға болады дейді. Астананы газдандыруды қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға болатыны, ары қарай Петропавл, Көкшетау жаққа жеткізілетіні нақты айтылған болатын. Астанаға дейінгі құбыр көлемінің ұзақтығы 1080 шақырым шамасында мөлшерленіп отыр. Осыған орай Үкімет есебінше газ тарифі текше метріне 54-55 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Қазір еліміздегі газ тарифінің бағамы – 36-38 теңге шамасында. Сондай-ақ болжам бойынша газдандыру 370 млрд теңгеге түседі. Жолай бөлініп кететін желілерді қоса есептегенде шығын 670 млрд теңгеге жетпек. Елбасы бұл ретте халықаралық қаржы институттарының көмекке келетінін мәлімдеген еді. Бұл станса газ тасымалын жылына 6-дан 10 млрд текше метрге дейін арттыратыны белгілі. Елдің экспорттық әлеуетін де жоғарылатады. Қазақстанның газ жетпеген өңірлерін көгілдір отынмен толық қамтиды.
«Сарыарқаға» артылған үміт көпЕлбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында ұзындығы 1064 км «Сарыарқа» магистралды газ құбыры салу туралы мәселе айтылды. Бұл жобаға қазір үлкен үміт артылып отыр. «ҚазТранс Газ» АҚ-ның мәліметінше, аталмыш жоба 4 кезеңнен тұрады. Яғни, 1 кезең 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Бұл уақытта Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша 1 081 шақырым қашықтыққа 820 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылмақ. Жобаға 267,3 млрд теңге жұмсалмақ. Ал екінші кезең, яғни 2022-2023 жылдары Астана- Көкшетау бағыты бойынша 276 шақырым қашықтыққа 630 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылады деп жоспарлануда. Бұған 48,2 млрд теңге бөлінеді. 2024-2025 жылдары жүзеге асатын үшінші кезең магистралды газ құбырының Көкшетау-Петропавл бағытын қамтып, 177 шақырым қашықтыққа 426 миллиметрлік құбыр салынбақ. Солтүстік Қазақстан облысын тұтас қамтитын жобаға 18,9 млрд теңге жоспарланған. 2028-2031 жылдарға жоспарланған төртінші кезеңде Жезқазған, Теміртау қалаларында газ өткізу мүмкіндігін біршама арттыра түсетін компрессорлық станция салынады. Бұған 35,5 млрд теңге жұмсалады деп болжануда.
Соңғы сегіз жылда елімізде газды пайдалану 53 пайызға артқанын айта кетейік. Егер 2010 жылы көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін 9 текше метр газ жеткілікті болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 13,8 текше метрге дейін ұлғайды. 2013 жылы елімізде ресми 1 056 406 абонент газбен қамтылған болатын. Ал 2018 жылдың қараша айында анықталған мәліметке сүйенсек, газбен қамтамасыз етілген абоненттер саны 1 777 394-ке жеткен. Қазір де мемлекеттік бағдарламалар аясында газдандыру мәселесі әлі де жалғасуда. Елбасы алға қойған міндеттер орындалатынына сенім көп. Мемлекетіміздің жаңа қадамдары еліміздің барша азаматтарына игі әсер ететіні анық. Бұл бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асатыны барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктейтіні айдан анық.
А.Қайратқызы
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024