«Кселл» АҚ 2015 жылы техникалық жабдықтар үшін 18 млрд теңгеден аса қаражат жұмсады
2015 жылы «Кселл» АҚ техникалық жабдықтар сатып алу үшін 18 миллиард теңге жұмсаған. Бұл туралы компанияның техникалық менеджмент департаменті өткізген баспасөз конференциясында айтылды.
Аталған қаржы негізгі өндірістік құралдарды және желі сапасын кеңейтуге және жақсартуға арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалған. Нәтижесінде 2015 жылы компания 1,5 мыңнан астам базалық станциялар орнатқан, оның үштен екісі 3G стандартын ұсынады. Бұл Қазақстан тұрғындарының 73%-на ұялы интернетті пайдалануға мүмкіндік берді.
«Өткен жылы біз желілер сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар бағдарламалар мен бастамаларды іске асырдық. Біздің дерегіміз бойынша 2015 жылы ұялы интернетті тұтыну екі есе өскенін көрсетті. Осы жылы біз Қазақстанның барлық ірі қалаларында LTE іске қосуды және желі сапасын көтеруді дамытуды жалғастыратын боламыз»,-деп атап көрсетті "Кселл" АҚ-ның ақпаратты-коммуникациялық технологиялар департаменті директорының міндетін атқарушы Саша Лекович.
Компания сондай-ақ, екі мыңнан астам тұрғыны бар ауылдардың 50 пайызын ұялы интернетпен қамтамасыз еткен. 10 қалада кластерлік оңтайландыру жөніндегі көлемді жобаны іске асырған. Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларындағы және Алматының 9 кластеріндегі жұмыстар толығымен аяқталған.
Жоғарыдағы жұмыстардың қорытындысы бойынша драйв-тесттердің нәтижелері көрсеткендей, дауыстық байланыс сигналының сапасы Алматыда 17% және Астанада 10% жақсарған.