Алматы. 4 қыркүйек. 7kun.kz – Вена 2019 жылы қалатын ең қолайлы қала болды. Мұны The Economist құрамына кіретін The Economist Intelligence Unit (EIU) жыл сайынғы есебінің деректері дәлелдейді. Австрия астанасы осымен екінші жыл қатарынан көш бастап тұр, деп жазады РБК.
Рейтингті құрастырушылар әлемнің 140 қаласын бес негізгі критерий бойынша бағалайды: тұрақтылық, қоршаған орта, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және білім. Алғашқы екі санат ең маңызды болып саналады — әрқайсысы үшін ең жоғары балл 25 балл. Денсаулық сақтау және инфрақұрылым — 20, білім беру — 10 балл. Осылайша, барлық критерийлер бойынша максималды балл — 100 баллға тең.
Биыл Вена 99,1 балл жинады. Екінші орында австралиялық Мельбурн, үшінші орында — Сидней. Тізімнің төртінші қатарын жапондық Осака, бесінші орынды канадалық Калгари алды. Үздік ондыққа Ванкувер, Торонто, Токио, Копенгаген және Аделаида кірді.
Париж өткен жылы 19 орыннан 25 орынға төмендеді. Сарапшылардың пікірінше, Франция астанасындағы тұрақтылық көрсеткіші 2018 жылдың соңында басталған үкіметке қарсы наразылықтардың салдарынан нашарлады.
Рейтингті құрастырушылар Дамаск, Лагос (Нигерия) және Дакка (Бангладеш) қалаларын өмір үшін қолайсыз деп атады.
Тамыз айының соңында The Economist Intelligence Unit сандық қауіпсіздік, денсаулық сақтау қауіпсіздігі, инфрақұрылым, сондай-ақ жеке қауіпсіздік сияқты көрсеткіштерді талдау негізінде жасалған ең қауіпсіз қалалардың рейтингін ұсынды. Тізімді Токио, Сингапур және Осака бастап тұр.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024