Заманауи технологиялар дәуірінде адамдарды таң қалдыру қиын. "Брендтер тарихының" бүгінгі тақырыбына арқау болып отырған компания сонау негізі қаланған сәттен бері таңдай қақтыруын қояр емес. Ұялы телефон шығарудан осы жолы алдына жан салмай, түрлі жүлделерге лайық болған LG компаниясы алғашқыда тіс пастасын шығарумен айналысқан десек, ол қалай дейсіз бе? Ендеше, сара жолдың тарихын бірге білейік!
Тіс пастасы мен косметика. Бастау.
Барлығы Екінші дүние жүзілік соғыс кезеңінде бастау алады. Осы кезде Пусан қаласында Ку Ин Хве атты корей азаматы тіс пастасын сатуды қолға алады. Бамбук тұзымен тісін тазалап жүрген азиялық үшін бұл тауардың маңызы зор еді. Елдегі ахуал онша болмаса да, сауда қызу жүріп жатты. Тұрмыстық химия саласындағы бизнесін әрі қарай дамыту мақсатымен Ку Ин Хве 1947 жылы Lak Hui кәсіпорнын тіркейді. Оның алғашқы өнімі бетке арналған крем болады. Кейіннен Lucky атты тіс пастасын шығара бастайды.
1950 жылы үш жылға созылған Корей соғысы басталады. Бірақ, кәсіпорынның күш алған сәті де осы кездерден бастау алған еді. Корей нарығында алғашқы боп компания әйнек пен фарфордың баламасы ретінде жаңа материалдан жасалған қаптама ұсынады. Ол материал - бүгінде кең қолданыста жүрген пластик. Ол өте үлкен сұранысқа ие болды. Соғыстан кейін Корея тиімді әрі қымбат емес тұрмыстық химияға мұқтаж еді. Hui Chemical Industries аталған қажеттіліктің орнын толтырды. Кір жуатын ұнтақтар, ыдыс жууға арналған құралдар, гигиена құралдары бірінен соң бірі шығарылды.
1953 жылы Lak Hui Industry (бүгінде — LG International) еншілес компаниясы дүниеге келеді. Сол кезде-ақ, Ку Ин Хвенің бизнесі ел экономикасында салмақ жинай бастаған еді.
LG Electronics қалай құрылды?
1957 жылдың көктемінде бүгінде әлемге танымал болған бағыты - тұрмыстық техника мен электроника жасау идеясы қолға алынады. Ол кезде радиоқабылдағыш жасау міндетін қояды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде отбасында радионың болуы сирек еді. Жапон басқыншылары ақпарат көздерінен адамдарды аластату мақсатында радиоқабылдағыштарды тәркілеген. Аталған қағидаға қарсы шығып, кәсіпкер жобасын бастап кетеді.
1958 жылдың 1 қазанында Goldstar (кейіннен LG Electronics болып өзгереді) еншілес компаниясы құрылады. Ол бірден транзисторлы радиоқабылдағыштар жасауды қолға алады.
Оңтүстік Кореяны индустриалды державаға айналдыруды армандаған генерал Пак Чжу Хи билік басына келген сәттен-ақ, өндірістік және экономикалық реформалар әкеледі. Экономиканың өндірістік саласын дамыту бағдарламасы жасалып, АҚШ-пен тығыз байланыстың арқасында экспортқа бейімделе бастайды. Ол кезде Goldstar түрлі тұмыстық техника жасаумен айналысып кеткен еді: электр желдеткіштер, телефондар, шаш кептіретін құрал, кір жуатын машиналар және т.б. 1962 жылдың қараша айында бірнеше құрылғы Нью-Йоркке жол тартады. Кейіннен Гонконгпен арада "алтын көпір" құрылады. 1967 жылы Caltex компаниясымен бірлесе отырып мұнай өңдеу зауытын ашады. Бұл зауыт пластмассалар жасаумен және өңдеумен айналысады.
Ұрпақтар сабақтастығы: көшбасшының ауысуы
Фирманың негізін қалаушы Ку Ин Хве дүниеден озған соң, басқарушы боп баласы Ку Ча Кьюн келеді. Мектеп мұғалімі болып жүрген ол еш нәрсеге қарамастан әкеден қалған аманатты абыроймен алып жүруге тырысты. Оның басқарған жылдарында GoldStar Оңтүстік Кореядағы электронды өнеркәсіп саласының көшбасына айналады. Lucky Group чеболінің (қаржылай-өндірістік топтың оңтүстіккореялық форматы - 7kun.kz) табысты болуына сол кездегі жаһандық дағдарыс та әсер етпейді. 1973 жылы кәсіпкер Yonam Educational Institute Goldstar Co. институтының негізін қалап, Кореядағы алғашқы магнитофонды шығарады. Концерннің технологиялық қуаты да қатар өсіп, Гуми қаласында түрлі-түсті теледидарлар жасалып, тұрмыстық техника шығарудан ең ірі кәсіпорын аталатын Чангвон қаласындағы фабриканың құрылысы аяқталды. Жаңа басшы инновацияларды да естен шығарған жоқ. 1975 жылы алғашқы зерттеу орталығы құрылып, жартылай өткізгіштерге инвестиция салынады. Ол уақытта жеке өндірістің микросхемасын шығарып, электронды өнімдер жасау жоспарға ілінген болатын.
Одан бөлек, Goldstar NEC, Siemiens және Hitachi атты компаниялармен серіктес атанады. 1977 жылы Кореядағы тұңғыш Goldstar CT-808 түрлі-түсті теледидары жарық көріп, бір жылдан соң компания экспортының көлемі 100 млн доллардан асады. Компанияның басты мақсаты - АҚШ пен Еуропадан филиалдар ашу. Бұл экономикалық тұрақтылық пен өндіріс тасымалының құнын азайтудың жалғыз жолы еді. 1982 жылы Хантсвилл (АҚШ) қаласында Goldstar America Inc. зауыты ашылады. Осы зауыттан түрлі-түсті теледидарлар, видеомагнитофондар, қысқа толқынды пештер шығады. 5 жыл өткен соң кезек Батыс Еуропасына келеді. 1987 жылы Вормс (Германия) қаласында Goldstar Electronics Deutschland зауыты салынады. АҚШ-тағыдай бұл жерде де теледидарлар, кір жуатын машиналар секілді тұрмыстық техника жасауға басымдылық беріледі.
Жаңа жүз жылдыққа жарқын қадам
«XXI ғасырға қадам» атты жаңа стратегия қолға алынады. 1990 жылдың 30 қазанында Goldstar Ресейден филиалын ашады. Одан соң филиалдар Италияда, Ұлыбританияда, Тайландта, Қытайда, Египетте пайда болады. Бірнеше жылдан соң Lucky Goldstar Welfare Foundation еншілес компаниясы құрылып, Қытайда косметика жасаумен айналысатын кәсіпорын ашылады. 1994 жылы барлық еншілес компаниялардың басын біріктіріп, ортақ LG Group атты атау беріледі. Бұдан соң Ку Ча Кьюн демалысқа шығып, билікке оның ұлы Ку Бон Му келеді.
LG Group зерттеу орталығының жақсы жұмыс істеуі 1993 жылы сұйық кристалды мониторлар мен теледидарлар жасауға мүмкіндік береді. Концерн мультимедиялық технологияларды бірлесіп дамыту үшін IBM компаниясымен серіктес болады. Басты назар теледидар құрылғыларын жасауға қойылған еді.
1990 жылдың аяғына қарай компанияның атағы жер жарды. Инженерлер санды теледидарлар жасауға арналған микросхема шығарып, сол кездегі ең үлкен плазмалық панель (60 дюйм) дүниеге келеді. Нәтижесінде LG теледидарларына деген сұраныс бірнеше есе артады.
Мобильді технологиялар дәуірі
Жаңа ғасырдың басталуымен LG Mobile Communications ашылып, ұялы телефон өндіріс қолға алынады. Бастапқыда бәсекелесуге де шама келмейтін. Сапасы мен функционалдығы сын көтере алмаған еді. Десе де, компания өнімдерін жаңа деңгейге шығаруда инженерлер қарап қалған жоқ. Танымалдыққа ие болған алғашқы телефондардың ішінде ашылып-жабылатын LG G5400 болды. Одан бөлек, компания алғашқылардың бірі болып түрлі-түсті дисплейі бар ұялы телефондар шығара бастайды. CDMA стандартты телефондар өндірісі Аустралияға, кейіннен өзге де елдерге экспорттала бастайды. LG Mobile Communications өндіріс көлемінің күрт өсуі 2003 жылы ұялы телефондар экспорты бойынша (2,5 млн дана) көш бастауға мүмкіндік береді.
2007 жылы LG Electronics 3G байланыс форматын патенттеп, премиум-кластағы LG Chocolate құрылғысы жарыққа шығады.
2011 жылы LG Mobile Communications қалың жұртқа Android операциялық жүйесіндегі LG Optimus смартфондарын таныстырады. Кейіннен LG Cinema 3D теледидарлары шығарылады. 2012 жылы әлемдегі ең жіңішке (4,3 мм) әрі үлкен (55 дюйм) 3D OLED-теледидары дүниеге келеді.
2015 жылы жарып шыққан LG G4 осы жылдың үздік құрылғысы деп танылды. Бірнеше аталымдардан бас жүлдені иеленіп отырған смартфон осыған дейінгілер жете алмаған табыс әкеліп отыр.
Бүгін мен болашақ
Бүгінде Оңтүстік Кореядағы жұмыссыздық деңгей тек 3,1%. 1997 жылғы дағдарыс корей экономикасына болар-болмас қиыншылықтар ғана туындатты. 1999 жылдың өзінде экономикалық өсім 5%-ды құрады. 2008 жылы болған ғаламдық дағдарыс кезінде де рецессиядан құтылған бірден-бір ел - Оңтүстік Корея еді.
Соңғы жылдардағы тұрмыстық техника шығаратын корпорациялар арасында LG көш бастап келеді. Ішкі нарыққа қатысты айтар болсақ, LG өзінің басты бәсекелесі Samsung компаниясын басып озуда. Бүгінде LG Group Оңтүстік Кореядағы ең ірі концерндердің бірі деп саналады. Кәсіпорындарының активтері 120 филиалдан тұрады. Ол жерлерде 100 мыңға жуық қызметкер істейді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024